Халық тарих толқынында

«Жеңіс жауынгерлері» фотоколлажы 2500 суретпен толығады

Биыл «Жеңіс жауынгерлері» атты фотоколлаж тағы 2500 суретпен толығады. Қазір өткеннен сыр шертетін естеліктерді қабылдау және өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сіз де жобаға қатыса аласыз! Яғни, Ұлы Отан соғысында ел қорғаған немесе тылда еңбек еткен туған-туысыңыздың суретін жібере аласыз.

2000-ға жуық бейне, 1 ай жиналған суреттер және 3 апта бойғы қажырлы еңбек. Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында «Жеңіс жауынгерлері» деп аталатын фотоколлаж тұр. Оны көрген де боларсыз!? Мұнда Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің суреті жиналған. Оны былтыр Богдан Рыхликов есімді петропавлдық оқушы жасап шықты. Дарынды жастың жұмысы көпшіліктің көңілінен шықты. Белсенді жас ерекше жобаны биыл да қолға алмақшы.

Богдан Рыхликов – «Жеңіс жауынгерлері» жобасының авторы:

– Біз фотосуреттерді қыркүйек айынан бері жинап жатырмыз. Қазір мен олардың барлығын өңдеудемін. Суреттерді қабылдау ақпанның соңында аяқталады. Ал наурызда мозаиканың цифрлық макетін жасауды бастаймын.

Суреттердің бәрін Богдан өзі өңдейді. Мына секілді тозып, жыртылуға сәл қалған естеліктер де қайта қалпына келтіріліп, жаңарып шыға келеді. Жеткіншек биыл фотоколлажды тағы 2500 суретпен толықтырғысы келеді екен. Оны қалалық ардагерлер кеңесі де қолдап отыр. Аға буын өкілдері талантты жасқа ісін ойдағыдай жүзеге асыру үшін көмек көрсетеміз дейді.

Сара Тасеменова – қалалық арлагерлер кеңесінің төрайымы:

– Биыл фотомозаиканың көлемін ұлғайтқымыз келеді. Және қамқорлық сенбілігі болса содан ақша бөліп, Богданға көмектесеміз.

Биыл фотоколлаждың пішіні мынадай сопақ емес, төртбұрышты болады. Жобаны көбі біледі. Қала тұрғындары Отан қорғаған туған-туыстарының суреттерін жолдаймыз деп отыр.

– ҰОС-на менің атам қатысқан. Және осы ұсыныс өте жақсы деп ойлаймын. Барлығы соғысқа қатысқан ата бабаларының суреттерін әкеліп, іліп қойса жақсы болар еді.

– Бұл – өте жақсы идея. Соғыста қаншама адам қаза тапты. Солардың суреті осында ілулі тұрса, өсіп келе жатқан ұрпақ қарап, аталарының ерліген ұмытпай жүреді ғой.

Айта кетейік, суреттерді Интернационал көшесіндегі “Парк Хаус” қонақүйлік компаниясының кеңсесіне апаруға болады. Тағы, жұмыс күндері МТРА-ға келіп те тапсыра аласыздар. Немесе экранда көрсетілген 9mayaphoto@mail.ru электронды поштасына жіберуге болады.

Бердімұрат Баймұқан