МТРА жаңалықтары

Туған ауылын гүлдендірген шаруа

Ғабит Мүсірепов ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов 750 тұрғыны бар СтавропОлка селосына да барды. Мұнда елді мекенді гүлдендірген “Намыс” атты әлеуметтік жауапкершілігі жоғары серіктестік жұмыс істейді. Өңір жетекшісі кәсіпорын директорының ілкімді ісін жоғары бағалап, алғысын білдірді.

Ақуыз бен дәрумендер. Қоспа жем малдың денсаулығын жақсартады, оны семіртеді. Өткен жылы мұндай азық түрін шығаратын зауыт Новоишимкада жұмысын бастады.

Александр Капустянский, «Kazmeal» ЖШС бас инженері, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Жемнің құрамына 4-ші, 5-ші сыныпты бидай мен рапс күнжарасы кіреді. Қазір қытайлық тарап сіңімділік артсын деп кебек қосуды сұрап жатыр.

«Kazmeal» сынды қуатты зауыт Қазақстанда әзірге жалғыз. Оны іске қосуға құйылған инвест-қаржы 4 млрд теңгеден асып түседі. Қара жұмыстың бәрін құлтемір атқарады. Қондырғылар – Қытайдікі.

Дайын өнімнің тұтынушысы да – Қытай. Новоишимдік қоспа жемнің алғашқы партиясы бірер күнде аспан асты еліне жөнетіледі.

Дина Утебаева, «Kazmeal» ЖШС бас директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Алдымен 1 мың тонна жібереміз. Алдағы уақытта жылына жем азықтың 360 мың тоннасын экспорттамақшымыз.

Өндіріс, ал соңынан экспорт. Табыстың бұл қарапайым формуласын Құмар Ақсақалов аграрийлердің құлағына ұдайы құйып отырады. Касьяненко отбасы мұны баяғыдан біледі. «Намыс» шаруашылығы дән де себеді, мал да ұстайды. Британдық герефорд тұқымды ірі қараның 900 басы бапталады мұнда. Етке сұраныс қазірдің өзінде жаман емес дейді, ал болашақта одан да артпақ. Өйткені, американдық «Tyson Foods» компаниясы бізде ет комбинатын салмақшы. Мұнда күніне бақандай 2 мың бас сойылатын болады, ал өнім әлем бойынша таралмақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің өнідірістік қауқарымыз жоғары, бірақ етті өткізіп, сату жағы ақсап тұр. Келешекте енді жеке қосалқы шаруашылықтар қорадағы малын семіртіп, бордақылау алаңына тапсырады. Сол жерден ірі қараны «Tyson» комбинаты сатып алатын болады.

«Намыс»-тың кеңейгісі-ақ келеді. Бірақ әзірге бұл мүмкін болмай тұр. Мәселе – судың жоқтығында. Тіршілік нәрі шаруашылыққа ғана емес, күллі Ставрополка жұртына керек. Аймақ басшысы көмектесемін деп уәде берді. Болашағы зор ауылға қолдау болады. Өйткені мұнда тұрғындардың қамын ойлайтын қуатты шаруашылық бар. Туған ауылын гүлдендіруде Касьяненко жанұясы аянып жатқан жоқ.

Александр Касьяненко, «Намыс» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Шаруашылықты 98-ші жылы әкем Виталий Грегорьевич Касьяненко ашты. Әрдайым ауылда тұрып, еңбек ететін жандар жоқшылық көрмеуі керек деп айтатын. Тұрғындар қолдауды сезініп, өзгелер қатарлы өмір сүруге лайықты.

Виталий Григорьевич селоға шіркеу мен мәдениет үйін салып берген. Әкесінің ісін қазір ұлы жалғастырып жатыр. Жасы 30-ға енді толған Александр Ставраполканың өзінде тұрады, ауылдастарының проблемаларынан хабардар, оларды шешуге шама келгенше тырысып жатыр. Ауылдағы медпунктті жөндеуге 3,5 млн теңге жұмсапты. Мәдениет үйінде де үйірмелер ашып, тігін цехін жарақтап, кең сахна салып берген. Селоның, тіпті өз кітапханасы мен музейі де бар.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шаруашылық басшысы пайда табуы тиіс. Сол пайданың мол болуы жұмыс істейтін ауыл адамдарының жағдайына тікелей байланысты. Гүлденген ауыл тұрғындары ғана адал әрі қалтқысыз еңбек ететін болады. Сондықтан, Александрға алғыс айтқым келеді, билік оның бастамаларын қолдап, көмектесуге әзір.

Қазір Ставрополка – шалғайда жатса да, жағдайы жақсы жайлы ауыл. Қоғамдық монша да ашылған жуырда шаруашылық қаржысына. Александр Касьяненконы енді мектептің жайы алаңдатады, жөндеу керек. Жас жігіт мұндағы балаларға тегін тамақ беріп, оқу озаттарына Петропавлға тегін жолдамалар үлестіріп жатыр. Мұндай қамқорлықтың нәтижесі сол – мектептің өткен жылғы түлектерінің бәрі оқуға грантқа түскен. Сондықтан, аймақ басшысы білім ошағын жөндеуде де қолдау көрсетуге дайынмын деді.

Ақтолқын Солтанханқызы