Музыка

«Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің концерті өтті

Жастар сарайында жергілікті «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің концерті өтті. Шарада талантты солтүстікқазақстандықтар түрлі жанрдағы туындыларды орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кешті өнер сүйер қауыммен бірге әріптесім Маржан Қасымбек те тамашалап қайтқан болатын.

Бұл – «Кариб теңізінің қарақшылары» атты фильмінің саундтрегі. Кинода теңіз қарақшыларының шытарманға толы оқиғалары баяндалады. Мұндағы скрипка және домбыраның қос ішегінен төгілген үн туындының ерекше сәнін келтіріп тұр.

Бұл шығарманы өзге емес, өзіміздің «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі орындауда. Бүгінде ұжымға 30-дан аса жан мүшелік етеді. Өнерпаздар репертуарларындағы туындылардың барлығын музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындайды. Ал, топтың дерижері – Қайырлы Ғафуров. ҚР-нің Мәдениет қайраткері өнер саласында 20 жылдан аса уақыт қызмет етіп жүр екен.

Қайырлы Ғафуров – ҚР Мәдениет қайраткері, «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дерижері:

– Қазіргі жас композиторлардың туындылары және 60-70 жылдардағы шығармалар орындалады. Әлемді мойындатқан музыкаларды ойнайтын боламыз. Концерттің бір ерекшелігі бұл жолы аздап өзгешеліктер болады. Яғни, тыңдарманға қызықты болуы үшін кешті эстрадалық бағытта ұйымдастырып отырмыз.

Бұл – концерттің тағы бір ерекшелігі. Никита Степанов баспа машинасымен мәтін жаза отырып, аспаптардан төгілген музыкаға ерекше үн қосуда. Азаматтың өнері көптің көңілінен шықты.

«Ауырмайды жүрек» – ғашықтық сезім жайлы баяндалатын туынды. Әннің авторы елімізге белгілі сазгер әрі продюсер – Бауыржан Есебаев. Шығарманы оркестірдің сегіз қырлы, бір сырлы жігіті Нариман Жолдасбеков құлақтың құрышын қандыра шырқауда.

Нариман Жолдасбеков – «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің мүшесі:

– Өнер колледжінің 3-4 курсында оқып жүргенде «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестріне келдім. Музыка – мені өмірім.

Жалпы, «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі ұйымдастырған «Show must go on» атты концертте 20-ға жуық туынды орындалды. Солтүстікқазақстандықтар шығармаларды ұйыта тыңдады, тоқтаусыз қол шапалақтады және кешке жоғары бағаларын берді.

–  Қайырлы Қабылбекұлының көптен күткен концерті. Мен ол кісіні домбырашы және дерижер ретінде аса құрметтеймін.

– Мен достарымен біргі осы концертке арнайы келдім. Кеш маған қатты ұнады.

Ақтолқын Солтанханқызы