МТРА жаңалықтары

СҚО-да заңгерлік кеңес беретін еріктілер штабы құрылды

СҚО-да заңгерлік кеңес беретін еріктілер штабы құрылды. Оған волонтерлер мен студенттер мүшелік етеді. Бұл жандар білікті мамандардың дәрісін тыңдап, білімдерін толықтырып, тұрғындарға
ақысыз негізде  құқықтық көмек көрсетпек ниетте.

Еріктілер десе көз алдымызға түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, көмекке зәру жандарға қол ұшын созатын жастар елестейді. Қуантарлығы арамызда мұндай белсенді ұл-қыздар баршылық. Олар енді өздеріне мүлдем жат бағытта жұмыс істемекші.

Қыз-жігіттер заңгерлермен жүздесіп, арнайы курстардан өтіп, арыз-шағымы немесе қандай да бір уәжі бар тұрғындарға қызмет көрсетеді. Яғни, қажетті кеңес береді.

Евгений Соловьев – ерікті:

– Жүктелген жұмыстың барлығын орындап жүрміз. Кез-келген жанға қолғабыс білдіруге әзірміз. Өйткені, бұл іс өзімізге ұнайды. Енді, адамдарға заңгерлік қызмет те көрсететін боламыз.

Кеңес берушілердің штабында жас еріктілерден бөлек, осы саланың қыр-сырын меңгеріп, универсетте оқып жүрген болашақ заңгерлер де бар. Олар бұл жерде тәжірибемізді арттырамыз дейді. Барлығы тың бастаманың қолға алынғанына қуанышты әрі тұрғындарға көмек көрсетуге әзір.

Қуаныш Шаяхметов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Менің ойымша, құқықтық көмекті сұрап келген адамдарға құқықтық сауаттылықты ашуға көмектеседі. Яғни, олардың өз құқығын білуге септігін тигізеді.

Жалпы, штаб қаңтар айында құрылыпты. Оған қазіргі күні облыстық жеке сот орындаушылары палатасының 20 өкілі мүшелік етеді. Дәл осы жандар еріктілер мен студенттерді заңмен таныстырады, қызмет көрсетудің қыр-сырын үйретеді.

Асан Маткаримов – СҚО жеке сот орындаушылары палатасының басшысы:

– Өңіріміздегі барлық азаматарға заң саласында құқық жайлы тегін кеңес, түсініктеме береміз. Және тұрғындарға облысымыздағы жеке орындаушылардың жұмыстарын жеткіземіз.

Айта кетейік, бүгінде штабқа 150 ұл-қыз мүшелік етеді. Заңгерлер еріктілер мен студенттерге жыл бойы кеңес бермекші.

Ақтолқын Солтанханқызы