МТРА жаңалықтарыҚоғам

Петропавлда балаларға арналған аспаздық мектеп ашылды

Ас әзірлеуді 5 жастан үйрен! Петропавлда балаларға арналған алғашқы “Аспаздық мектеп” ашылды. Мұнда келушілер 3 ай бойы түрлі тәтті-дәмді мен тағамдарды пісіріп, қарым-қабілеттерін шыңдайды. Кейін, қолдарына арнайы сертификат алмақ. Қазірдің өзінде 10-нан аса жеткіншек курстарға жазылыпты.

Әр адам, әсіресе қыз бала тағам дайындап, дастархан жаюды білуі керек. Бірақ, қазіргі уақытта көп жастың ас әзірлеуге құлқы жоқ. Бірі қолымнан келмейді десе, екіншісі ұнамайды деп ақталады. Петропавлдық ресторатор Ильина Попова үлкен де, кіші де тамақты дәмді етіп пісіре білу керек дейді. Сондықтан, өз мейрамханасында “Аспаздық мектеп” ашқан. Мұнда 5 пен 16 жас аралығындағы балалар тағам дайындауға машықтана алады.

Ильина Попова – «Сlassiс» мейрамханасының басқарушысы:

– Балаларға арнап “Аспаздық мектеп” ашу ойы бір жыл бұрын келді. Оны жүзеге асырмас бұрын біраз ойландым. Азық-түліктен бастап, ас үйдегі техника қауіпсіздігіне дейін түгелдей зерттеп шықтым. Енді бұл жерде ұл-қыздар тамақтың түр-түрін әзірлей алады. Бәрі кәдімгі мектептегідей. Алдымен – теория, кейін – практика.

Асты дәмін келтіріп әзірлеуді балғындарға Олег Кириллов үйретеді. “Сlassiс” мейрамханасының бас аспазынан ұл -қыздар 3 ай бойы сабақ алмақ. Алдымен ең қарапайым әрі оңай тағамдар, уақыт өте келе күрделі астың да кезегі келеді.

Олег Кириллов – «Сlassiс» мейрамханасының бас аспазы:

– Балалар тамақ әзірлеуді білулері керек. Қазіргі ахуал сол – ата-аналар күні бойы жұмыста болады емес пе?! Ал, оларды күтіп, аш отырмасқа өздеріне оңай әрі тез әзірленетін ас дайындай алу – маңызды. Мысалы, бүгін кішкентай аспаздарыма сүт коктейлі және бургер жасауды үйретіп жатырмын.

Әзірге “Аспаздық мектепке” 13 бала жазылған. Басым бөлігі – қыздар. Әрине, бұл таңқалдырмайды. Мысалы, Адель Бейсенбина анам жоқта үйдегі барлық шаруаны жасап қоюға тырысамын дейді. Тамақты да шамасына қарай әзірлейді екен, бірақ, тәжірибе аздау. 13 жасар жеткіншек осы мектепте шеберлігін шыңдамақшы.

Адель Бейсенбина:

– Бұл мектеп туралы маған анам айтты. Бірден осында келгім келді. Әрине қарапайым тағамдарды әзірлей аламын. Дегенмен, үйренетін нәрсе әлі көп. Осында біраз нәрсе меңгеремін деп ойлаймын. Әрине, болашақта мұның барлығы маған керек болады.

Ас үй тек қыздарға арналған деп кім айтты?! Жас аспаздардың қатарында ұл балалар да бар. Бірі – Леонид Макрушин. 11 жасар жеткіншек сіңілісімен келген. Өзі ас үйге жақын екен. Анасына әрдайым көмектесіп тұрады. Жанұяма аңда-саңда жұмыртқа қуырып беремін деп мақтанды Ленё.

Леонид Макрушин:

– Ұл бала болсам да, осында келдім. Себебі, менің ойымша әр адам тамақ жасауды білуі керек. Оған қоса, анама көмектескім келеді. Мүмкін өскенде аспаз да болармын.

Бұл – Петропавл былай тұрсын, күллі облыстағы балаларға арналған алашқы аспаздық мектеп. 3 айлық курстардан соң балаларға сертификаттар табыс етіледі.

Дана Ешкенова