МТРА жаңалықтары

Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің есебі

Әкімдердің жұртшылық алдындағы жылдық есептері жалғасуда. Кезек Ғ.Мүсірепов ауданының басшысы Ағзам Тастеміровке де келіп жетті. Атқамінер өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов қатысқан жиында ауданның 2019-дағы жетістіктерін жіпке тізіп қана қоймай, проблемалар жайлы да ашық айтты. Әрі тұрғындардың түйткілді сұрақтарына да жауап берді.

Өңірдің ең ірі аудандарының бірі өткен жылды сәтті аяқтады дейді әкім Ағзам Тастеміров. Құйылған инвестиция көлемінде де, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте де өсім бар. Одан қалды, былтыр ауданда 80 шақырымдай жол жөнделіп, орталық су тартылған ауылдардың саны 41-ге жеткен. Атап өтерлігі, аудан облыс қазынасына ғана қарап отырған жоқ. Жергілікті бюджеттің 25 пайызы – меншікті кіріс. Бұл – аса жоғары көрсеткіш. Ағзам Тастеміров мүсіреповік диқандар жиған мол астық жайында да мақтанышпен айтты. Сөзінше, бәрі – тыңайтқыштарды көптеп себудің арқасы. Проблема – сол тыңайтқыштарды аграрийлердің бәрі пайдаланбайды. Бірақ, биыл жағдай өзгеруі тиіс.

Ағзам Тастеміров, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Биыл біз сұйық минералды тыңайтқыштарды өндіретін зауыт ашуды жоспарлап отырмыз. Ол тәулігіне өнімнің 250 тоннасын шығаратын болады. Құйылатын инвестиция көлемі – 600 млн теңге.

Ал мал шаруашылығында бір олқылық бар. Қазір ауданда сүт өндіретін бір де бір ірі кешен жоқ. Бұл мәселені де атқамінер биыл біржақты етеміз деп отыр. 600 бас асыл тұқымды қара мал әкелініп, ферма ашылады. Бұл – жоспар, ал әзірге…

Ағзам Тастеміров, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Мал шаруашылығындағы жалпы ішкі өнім – небәрі 13 млрд теңге. Бұл сала аудандағы ауыл шаруашылығының тек 15 пайызын ғана алады. Жағдайды шама-шарқымызша түзететін боламыз.

Ал атауы көрсетілмеген ауыл тұрғындары жергілікті диқандардың біріне жазбаша шағым түсірді. Ауылды дамытуға қаржы құйып, үлес қоспайды деп жұрт өкпелі. Аграрийдің кім екені де белгісіз. Өкініштісі, өзі еңбек етіп жатқан елді мекеннің қамынан көрі, қалтасының қамын көбірек ойлайтын бұл жалғыз шаруа емес, мұндайлар облыста жеткілікті. Олар көктемгі егістікте бір, күзгі орақта бір келеді болды, жұртшылықты жыл 12 ай жұмыспен қамтымайды, тек дән себумен шектеліп, мал өсіруді қолға алмайды. Мұндай бизнесмендерден қатардағы халыққа да, билікке де қайыр шамалы.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осындай жауапсыздықтың кесірінен қазір ет пен сүтті өзге өңірлерден, өзге елдерден сатып алып отырмыз. Осы дұрыс па? Осылай жалғаса беретін болса ертең астықты, ұн мен нанды да импорттайтын боламыз. Себеп мынада – қазір мемлекеттің жерін пайдаланып отырған диқандарға шамадан тыс бостандық берілген. Сепкің келе ме – сеп, құлық жоқ па – өз еркің деген сияқты. Бұлай болмайды!

Жер демекші, кездесуде жерін “Әліби”-ге берген мүсіреповтіктер де сөз алды. Бұл агрохолдинг банкрот болғалы ағайын тиісті пайын ала алмай, дал болып отыр. Қазір ауылдықтардан маза кеткен, компанияға келген жаңа басшы пайды қашан төлейді?

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жаңа инвестор келді, жұмысшыларының жалақысын көтеріп, қаржы құйып жатыр. Басшының ауысқаны – өте жақсы жаңалық.

Тек тежеп тұрғаны – агрохолдингті манағы жаңа басшының атына қайта рәсімдеу. Уақыт көп кетеді екен бұған. Жақында жағдай тұрақталып, пай беріледі деп сендірді инвестор.

Бұл проблемаға құлақ әбден үйренді. Қай аудан болмасын, қай әкім есеп бермесін осы түйткіл көтеріледі де отырады. Марат Есілбаевтің Новоишимка көшелерінің жағдайына жаны ашиды, көңілі толмайды.

Марат Есілбаев – Новоишимское селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Ортамызда ХҚКО бар. Оның жанына баратын болсаңыз, жаяу өте алмайсыз, жауын болғанда көліктер үсті-басыңды былғап кетеді. 42 мың халықтың барлығы сол жерге барады. Сол жерге жақсылап асфальт төсеп, тұрақ жасауға бола ма?

Істелінеді. Түйткілдің тоқ етерін облыс әкімі айтты. Новоишимка “Ауыл – ел бесігі” бағадарламасына кіріп, биыл қыруар шаруа атқарылады деген жаңалықты жұрт қошеметпен қарсы алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 45 көше бар. Бәріне қаражат бөлініп, дұрысталады, асфальт салынады.

Жөндеу – бір мәселе болса, тазалау – екінші мәселе. Жолдардағы қардың көптігі аудан тұрғындарын мезі қылса керек, түйткіл туралы жазбаша да, ауызша да қозғағандар аз болмады. Тастеміров мырзаның жауабы бір – жұмысқа қарқын қосамыз, агроқұрылымдардан көмек сұраймыз. Күрмеуі шешілмеген тағы бір проблема – қоғамдық көліктің жағдайы. Жағдайы дегенше, жоқтығы деген дұрыс болар.

Алпысбай Сүлейменов, Новоишимское селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Марат Тасмағанбетов әкім болғанда Новоишимка бойынша ескі болса да, 2 автобус қатынайтын. Басшылыққа Дудов келгенде, ескі көліктің қажеті жоқ, жаңасын аламыз деп уәде берген еді. Бірақ, уәдесінде тұрмады. Енді ескі автобустардың өзіне зар болып отырмыз.

Қазіргі көлік – екі аяқ. Жұртшылық селоның о шетінен бұ шетіне жаяулап-жалпылап жетеді екен. Мәселеден хабардармын, тасымалдаушы таптық дейді әкім. Жуырда ол несие рәсімдеп, көлік алып, жолға шықпақшы.

Ағзам Тастеміров, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Бір автобусты оған сенімді басқаруға бермекшіміз. Сәл ақша жинаған соң, оны сатып алады. Маршрутты өзіміз ойластырамыз. Екінші кәсіпкермен де келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қоғамдық көлік көп кешікпей болады.

Көшелерде жарық шамдары да болады деп Ағзам Тастеміров уәде берді. Бұл – Новоишимканың тағы бір проблемасы. Іңірде, әсіресе, мектеп оқушыларына қиындау. Аудан орталығын жарықтандыруға биыл 21 млн теңге бюджеттен бөлініп қойған.

Саят Ермек