Көлік және жолдар

№11М автобусы жұмысын тоқтатты

Қала тұрғындарына маңызды жаңалық! №11М автобусы ақпанның 10-ынан бастап жұмысын түбегейлі тоқтатты. Яғни, бұдан былай қатынамайды.

Мұның себебін “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымынан сұрадық. Галина Семенованың сөзінше жоғарыда аталған қоғамдық көлік бірнеше жағдайға байланысты жүрмейтін болған. Алғашқысы – адамның аздығы. Оның үстіне темір жол вокзалы мен әскери институт аралығында жолаушы тасымалдаған темір тұлпарлардың саны 2-еу ғана екен. Қос көлік те тозып, қызмет көрсету нашарлапты. Осының салдарынан кей кездері жүру уақыты 10-нан 40 минутқа дейін созылған көрінеді. Дегенмен, алаңдауға себеп жоқ. “Бүгінде өзге қоғамдық көлік №11-ші автобусты алмастырады”-, дейді қауымдастық төрайымы.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Енді, №11М автобусы жүрген бағытпен 19М қатынайтын болады. Сол себепті алаңдауға еш себеп жоқ. Қазір орын алған өзгерісті әкімдік және әлеуметтік желілер арқылы халыққа хабарлап жатырмыз. Жалпы, біздің алдымызда қала ішінде қатынайтын автобустарды жаңалау және жүру бағыттарын оңтайландыру міндеті тұр. Мұны алдағы уақытта зерттеу, талдау жасау арқылы орындаймыз.