Спорт

Өңірдегі спорт саласының дамуы талқыланды

Үстімздегі жылы облыс бойынша 7 хоккей корты, 25 шағын және 5 үлкен футбол алаңы салынбақ. Тағы, келешекте шаһарда бірнеше спорттық кешен бой көтеруі мүмкін. Өңірдегі спорт саласының дамуы алқалы жиында талқыланды.

Облыста 1 олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, 27 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі бар. Аталған мекемелерде бүгінде 13 мың-ға жуық жас тәлім алады.
Жылпы, өңірдегі спорт мектептерінің дені 60-80-шы жылдары бой көтерген. Басым бөлігі ескірген. Осы орайда былтыр 4 нысанды жөндеу жұмыстарына 194 млн теңге жұмсалыпты.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– «Дельфин» спорт мектебінде жаттығу залы мен бассейн қалыпқа келтірілді. 58-ші жылы салынған “Жеңіс” спорт мектебінің қасбеті мен шатыры күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің оқу кешеніне тиісті жұмыстар жүргізілді. Қалалық дене шынықтыру-сауықтыру кешені де біраз жаңартылды.

Тағы былтыр Ақжар ауданындағы Талшық ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. 200 шаршы метрді құрайтын нысанды салуға 325 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты.
Мұндай нысан өткен жылы Смирново селосында да бой көтеруі тиіс еді, бірақ жоспар іске аспай қалған. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев аудандық әкімдік өкіліне бірнеше міндет жүктеді.

Руслан Әлішев – облыс әкімінің орынбасары:

– Аққайың ауданында бүгінде бірде-бір спорттық нысан жоқ. Соған қарамастан жергілікті жастар түрлі байрақты додаларда жоғары нәтижелер көрсетуде. Сол себепті, аталған жобаға қатысты тиісті құжаттарды ретке келтіріп, биыл бұл жұмысты толығымен аяқтау қажет.

Үстіміздегі жылы Саумалкөлде де дәл осындай нысан салу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, алдағы уақытта Петропавлдың өзінде Береке мен 19-шы шағын аудандарында және вокзал жақта спорттық кешен бой көтеруі мүмкін.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Жалпы, облыс бойынша 7 хоккей кортын, 25 шағын және 5 үлкен футбол алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Спорт нысандарының көбеюі жеңімпаздар қатарын арттыруға ықпал етеді. Осы ретте айта кетейін, биыл Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын саңлақтар анықталып жатыр. Бұл байрақты додаға ұлттық құрама сапында өңірімізден 5 спорт түрінен 11 адам баруы мүмкін. Ал паралимпада ойындарына жерлестеріміз Сергей Харламов пен Иван Зелезняк қатысады деп жоспарлап отырмыз.

Әзірге, облыста өтіп жатқан 24-ші “Солтүстік” қысқы ойындарына тоқталайық. Оның ақтық кезеңі ақпанның 20-сы мен 23-і аралығында Тимирязевте жалауын көтереді. Осы орайда аудандықтар жарысты ойдағыдай өткізу үшін тыңғылықты дайындалып жатқан көрінеді.

Үмітжан Нұртазина – Тимирязев ауданы әкiмiнiң орынбасары:

– Тимирязев ауданына 500-ге жуық спортшы келеді деп жоспарланып отыр. Қазір оларды орналастыратын нысандарды қарастырып жатырмыз. Тиісті спорттық жабдықтар алынды.

Сөз соңында айта кетсек, спорт саласының мамандары спортпен айналысатын жандардың қатарын 2025 жылға дейін 35 пайызға жеткіземіз дейді.

Маржан Қасымбек