Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы есеп берді

Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы есеп берді. Дархан Қалиев ұйымның өткен жылы тындырған шаруасы мен өлкеде бизнестің дамуын тежеп тұрған проблемаларды баян етті. Мәселелердің көбі жер рәсімдеудегі қағазбастылыққа қатысты.

Оқушылар сарайында бүгін ерекше жиын. Мұны тұрақтағы жол талғамайтын көліктердің көптігінен-ақ байқауға болады. Қымбат темір тұлпарлардың дені – жергілікті бизнесмендердікі. Олар “сарайға” өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының есебін тыңдауға келген. Әкімдердің халықпен кездесуі – ет үйренген шара болса, жергілікті “Атамекен” директорында бүгін – дебют.

Басын қазақша қысқа қайырған Қалиев мырза әрі қарай орысша тарқатты. Палатаның арқасында бизнес ашуға жер алу жеңілдей түсті дейді ол. Ұйымның көмегімен 2,5 мың кәсіпкер былтыр учаскелі болған. 3 бірдей аукцион өтіп, 23 телім сатылыпты. Бұл енді аздау, өйткені, жергілікті билік жылу-суы тартылмаған шалғайдағы телімдерді саудаға көп қояды екен. Олардың іскерлерге қажеті шамалы. Тиімді телімдерді таппаққа тырысып жатырмыз деді директор. Палата біздің тауарларды шетелде танытуға да тырысып жатыр. Ақша бөліп, кәсіпорындардың түрлі халықаралық көрмелерге қатысуына көмектесуде. Алайда, бұл көмекті пайдаланып жатқандар шамалы.

Дархан Қалиев – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Көрмелерге қатысып, өнімдерін өзге елге жиі танытатын серіктестіктерді саусақпен санауға болады. Тауарын шетелге шығарамын деген бизнесменге шығындардың жартысын мемлекет өтейді. Қолдау мықты, бірақ құлық жоқ.

Бизнеске сол шетелдік тәжірибе де ешқашан артық етпейді. Осыны түсінген “Атамекен” былтыр “Іскерлік байланыс” жобасын іске қосқан. Мәнісі сол – бизнесмен Германияға барып, ондағы кәсіпкерлердің жұмысын қарайды, өзіне керегін алады. Ал сапар шығындарының бәрін мемлекет өтейді. Дәл осы принцип бойынша “Аға сеньор” жобасы да жұмыс істейді.

Дархан Қалиев – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Шетелдік тәжірибелі маман 2 аптаға сіздің кәсіпорныңызға келеді. Ақыл-кеңес береді, білгенімен бөліседі. Ал оның жалақысы мен тұратын жеріне қажетті ақшаны мемлекет береді. Осылайша, бизнесмендерде ісін өрге домалатуға мүмкіндік бар.

Алғашында кәсіпкерлер құлықсыз қабылдаған “Қарапайым заттар экономкасы” өңірде жаңа қанат жая бастаған сыңайлы. Былтыр бұл бағдарлама бойынша 30 шақты бизнесмен жеңілдікпен несие алған. Қатардағы халықты іскерлікке тартуда да мақтануға тұрарлық нәтиже бар. Бір ғана “Бастау” бойынша бизнес-курстардан былтыр 2,5 мыңдай жерлесіміз өтіпті.

Дархан Қалиев – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Курстар аяқталғаннан кейін де қолдау көрсетеміз. Біздің көмектің арқасында былтыр 344 жоба қаржылай қолдау қоры арқылы несие алды. Ал аграрлық несие копорациясы 24 түлегімізге кредит берді. Сондай ақ, 1900-дей қайтарымсыз грант үлестірілді.

Осының арқасында бизнесмендердің саны біршама артқан. Статистика жоғарылап жатыр.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Серіктестіктердің саны былтыр 4 пайызға өсіп, 30 мыңнан асып түсті. Бизнесмендер қазір әрбір үшінші жерлесімізге жұмыс беріп отыр. Одан қалды, облыс бюджетіне түсетін барлық салықтардың 56 пайызын бизнес төлейді.

Теріскейлік бизнес алдында тұрған тосқауылдар да аз емес. Әсіресе, жер қатынастары мен салық төлеу бойынша. 24 кәсіпкер былтыр палатаға көмек сұрай барған. 17 проблема оң шешім тауыпты. Бірақ, есептік кездесуде проблемасын айтқандар болмады. Сұрақ-жауап сессиясында көпшілігі телефонға телміріп, үн қатпады. Ал қолына микрофон алғандардың бәрі алғыстарын жаудырып жатты.

“МАТЕХ” директорының рақмет айтар жөні бар. Шұлық тоқитын өлкедегі жалғыз кәсіпорын кезекті мемлекеттік тапсырыс орындауда қиындыққа ұшыраған. Рудный қаласы әкімдігінің әлеуметтік қамту бөліміне шұлықтың 200 жұбын жібергеннен кейін, сол бөлім “тиісті сертификаттарың жоқ” деп сотқа берген. Бірақ, құжаттардың бәрі дұрыс болған. Құқығы тапталған кәсіпкерге жергілікті палата көмекке келсе керек.

Арамаис Тер-Аствацатурян – «MATEX» ЖШС директоры:

– Палата маған заңгер ұсынды. Онымен бірге Рудныйға, сот процесіне бардық. Маманның біліктілігінің арқасында істі 10 минуттың ішінде жеңіп шықтық. Әйтпесе, алдағы уақытта қара тізімге еніп, мемлекеттік тапсырыстардан екі жылға қағылар едім.

Шынымен де, алғашында кәсіпкерлер палатасы бизнес пен билік арасын байланыстырушы көпір болсын деп құрылған еді. Сол байланысты жемісті орната білдік дейді Дархан Қалиев. Әйелдерді де кәсіпке тарту ісінде нәтиже оң. Теріскейлік бизнесмендердің қазір тең жартысы – “бизнесвумендер”. Олардың басым бөлігі қызмет көрсету саласында жұмыс істейді және сауда-саттықпен айналысады. Ал мәселен, мал шаруашылығы не ауыр өнеркәсіпте бизнес ашу нәзікжандыларымыз үшін қиындау, өйткені сенім аз. Бұл тосқауылды палата жоймақ ниетте.

Саят Ермек