Халық тарих толқынында

Музейдегі дәріс

“Сынған тағдырлар”. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде осындай атаумен дәріс сабақтары өткізіліп жатыр. Шара барысында өткен ғасырдың ортасына таман фашистердің концлагерьлерінде болған тұтқындардың тағдыры баяндалуда.

1933 және 1945 жылдар аралығында фашистік Германия жүздеген концлагерь мен түрме тұрғызды. Онда Гитлер жау деп таныған елдердің миллиондаған азаматтарын қамауға алып, адам төзгісіз жағдайда ұстаған.

Бүгін бұл жайлы облыстық тарихи-өлкетану музейіне келген балаларға айтылып жатыр. Өткенге нақтырақ тоқталайық. Отты жылдары “өлім фабрикасы” деп аталып кеткен лагерьлерге 18 млн адам түсіпті. Қамалғандардың барлығы ұрылды, соғылды, еріксіз еңбекке жегілді. Бұған тұтқындағылардың 11 млн-ға жуығы шыдамай, қаза тапты. Араларында құндақтағы сәби де, бала да, кәрі де болды. Мұндай жантүршіктірерлік жайттарды бірі білсе, бірі білмейтіндігі анық.

Вера Андреева – облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

– Музейде мұндай шараны Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ақпанның 3-інен өткізе бастадық. Дәрістің тақырыбы – “Сынған тағдырлар”. Бұл жерде 1933-1945 жылдар аралығында орын алған оқиғалар жайлы айтамыз. Әсіресе, концлагерьлерде болған адамдардың өмірін баяндаймыз. Мұны жастар білуі қажет. Бұл шара 2 аптаға созылады.

Ұйымдастырушылар дәріспен шектеліп қалмайды. Олар келушілерге концлагерьде азап шеккен адамдар жайлы шағын деректі фильмдер де көрсетеді.

Өткеннен сыр шертетін фильмді Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейінің оқушысы Рахмат Кенжебаев кірпік қақпай қараған. Ол бүгінгі шарадан отты жылдар туралы көп ақпарат алдым дейді.

Рахмат Кенжебаев – Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейінің оқушысы:

– Бұл сабақ менің есімде ұзақ сақталады. Өйткені, сол кездегі адамдардың өмірі әлі көз алдымда тұр. Өте қиын жылдар болған. Біз тарихымызды білуіміз керек.

Айта кетейік, қазіргі күні облысымызда сол кезде концлагерьлерде болған 15 адам тұрып жатыр.

Бердимурат Баймухан