МТРА жаңалықтары

Желтоқсанда күнкөрістің ең төменгі деңгейі 27 397 теңгені құрады

27 397 теңге. Бұл – өңірде желтоқсандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейі. Яғни, дәл осынша сомаға бір адам ауқаттанып, коммуналдық қызметтерді төлей алған. Қаражаттың басым бөлігін жерлестеріміз тамаққа жұмсапты.

Кезінде дүкен сөрелеріндегі қант қымбаттап, кейін мүлдем сатылымнан жоғалған кез естеріңізде ме? Тұрғындар өнімді қап-қабымен алып үлгеруге тырысатын. Соңғы жылдары әйтеуір мұндай жағдай қайталанбады. Керісінше тауардың бағасы былтыр 19,6 пайызға төмендеді. 2019-да халық есесіне ұн, жұмыртқа мен нанның құнын аңдумен болды. Тектен-тек емес. 12 айдың ішінде олардың бағасы 25, 22 және 21 пайызға көтеріліпті. Жемістер де қымбаттапты.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– 2019 жылдың басынан СҚО бойынша инфляция 5,5 пайызды құрады. Өткен жыл ішінде азық-түлік тауарлары 9,3 пайызға қымбаттады, азық-түлік емес тауарлар – 4,4, ақылы көрсетілетін қызметтер – 1,9.

Аталған пайыздар демалысқа да әсер етпей қоймады. Мейрамхана мен дәмханадан тамақтануға да енді ақшаны 8,6 пайызға көбірек шығару қажет. Нарықтағы өзгерістерге тұрғындардың еті әбден үйренген. Ақшаны жеткізуді олар біледі дейді статистик мамандар. 2019-дың желтоқсанында жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейі 27 397 теңгені құрады. Яғни, дәл осынша сомаға бір адам ауқаттанып, коммуналдық қызметтерді төлей алған. 12 мың көлемінде жерлестеріміз азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер үшін шығындалыпты. Қалғаны тамаққа жұмсалған.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Ет және балыққа – 20,1, сүт, май-тоңмай өнімдері мен жұмыртқаға – 15, нан және жарма өнімдеріне – 9,4, жемістер мен көкеністерге – 8,5, қант, шай және дәмдеуіштерге – 2 пайыз келеді.

Жалпы, жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 2018 жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға көтерілген.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова