Құқық қорғау органдары

“Жарқын СК” серіктестігі 42 мың гектар жерді заңсыз кепілге қойған

Айыртау ауданында орналасқан “Жарқын СК” серіктестігі 42 мың гектар жерді заңсыз кепілге қойған. Аталған агроқұрылым  кезінде осындай тәсіл арқылы қаржы институттарының бірінен несие алыпты. Бірақ, қарызды уақытылы қайтармаған. Салдарынан 5 елді мекенде тұратын 900-ге жуық пайшыға тиесілі аумақ  аукционға шығарылған. Ауылдағы ағайынның наразылығына байланысты электронды сауда тоқтатылды. Қазір іс прокуратура өкілдерінің бақылауына алынды.

Бұл жағдай осыдан 3 күн бұрын орын алды. Айыртау ауданы әкімдігінің алдында 200-ден аса адам жүр. Олардың барлығының мақсаты бір – тұрғындар келісімсіз аукционға қойылған егістік аумағын қайтаруды сұрауда. Оқиғаның мән-жайын нақтырақ түсіндірейік. 2018 жылы «Жарқын СК» серіктестігі қаржы институттарының бірінен несие алған. Оған кепіл ретінде 5 ауылда тұратын 900-ге жуық пайшының жерін қойған. Бірақ, агроқұрылым шығынға батып, қарызды өтей алмайды. Осылайша 42 мың гектар электронды сатылымға шығырылған. Ағайын мұны өздері кездейсоқ байқап қалыпты. Сондақтан, жергілікті билік өкілдеріне келіп отыр. Бұл оқиға прокурорлардың бақылауына алынды.

Асхат Әмітов – СҚО прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры:

– Айыртау ауданының прокуратурасымен «Жарқын СК» ЖШС-нің қатысушылары болып табылатын 883 шартты жер үлесін ұстаушылардың құқықтарын бұзу фактісі анықталған. Серіктестіктің құрылтайшылары мемлекеттік қаржы институттарының біріне 500 млн теңгеден астам сомаға бағаланған пайшыларға тиесілі жер учаскелерін кепілдікке қойған. Іс тұрғындардың келісімінсіз жүргізілген.

Қадағалаушы орган өкілдерімен сұхбаттасу барысында мынаны ұғындық. Серіктестік несие алу үшін жерді өздігінен кепілдікке қоя алмайды екен. Ол үшін жалпы жиналыс өткізіп, әр адамның жеке рұқсатын алып, хаттама толтыру қажет. Яғни, бұл жерде кәсіпорын заңды бұзып отыр. Бүгінде аталған жайтқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-шы бабы бойынша іс қозғалыпты. Тағы, агроқұрылым еңбек заңнамасын да бұзған. Бүгінге дейін 80-ге жуық қызметкерге жалақы төлемепті.

Асхат Әмітов – СҚО прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры:

– «Жарқын СК» ЖШС 78 қызметкерге 33,6 млн теңге қарыз. Бұл жағдай бойынша да қылмыстық іс қозғалды.

Қазір облыстық прокуратура өкілдері қос қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан