Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үшжақты меморандум

Әскери-патриоттық қозғалысты дамытуға арналған үшжақты меморандум. Бүгін Петропавлда Қорғаныс министрлігі, облыстық әкімдік пен “Жас сарбаз” клубы арасында арнайы құжатқа қол қойылды. Келісім жеткіншектерді отансүйгіштікке баулитын ұйымға қолдау көрсетуге бағытталған.

Қожаберген жырау, Жансүгір, Құлеке мен Ағынтай батырлар. Аққайыңдар өлкесі – туған жерді жаудан найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған сарбаздардың елі. Ал залда жиылған балалар мен жасөспірімдер сол жігерлі, қайратты, батыл азаматтардың ұрпағы. Дені әлі мектеп оқушылары болса да ұл-қыздар қазір әскери өмірдің шет-жағасын танып білуде. Себебі, барлығы «Жас сарбаз» патриоттық қозғалысына мүшелік етеді. Ұйым ел бойынша 2018-дің қарашасында құрылды. Сол уақыттан бері ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бар дейді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

Нұрлан Ермекбаев – ҚР Қорғаныс министрі:

– Барлық жұмыстардың іске асырылуы нәтижесінде қазір 6335 әскери-патриоттық клуб жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде ел бойынша 202 мың жас білім алуда.

Тура бір жыл бұрын ұйым мүшелерінің саны небәрі 74 мыңды құрапты. Бұл қоғамдық бірлестікке қызығушылық танытатын балалардың күннен-күнге артып жатқанын білдіреді. Әскери қызметтің темірдей тәртібін таныған елінің батыл, адал перзенттерінің арасында солтүстікқазақстандықтар аз емес.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– СҚО-да «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары мен сыныптарының саны бүгінде 315-ті құрайды. Ұйым мүшелері өңірде 5 жарым мың баланы отансүйгіштікке баулуда.

Балаларға болашақта әскери өмірді таңдау міндет емес. Ұйым ұл-қыздардың бойында патриоттық сезімді тереңінен тәрбиелеп, баланың қабілетін ұштауды көздеп отыр. Дәл осы мақсатпен елімізде «Смарт-Сарбаз» жобасы іске асырылуда. Шаруаны атқару бойынша біздің өлке көш басында.

Әкімжан Төлебай – «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» ҚБ СҚОФ жетекшісі:

– «Смарт-сарбаз» жобасы аясында балалар роботтан танктер мен қорғаныс саласына қажет техниканы жасайды. үйірме бар. Мыңнан аса бала қамтылған.

Мұнымен ұйым мүшелері тоқтап қалмақ емес. Қазір күн сайын ұл-қыздар сабақтан кейін 2 сағат уақытын осы клубқа бөледі. Автоматты шашып-жинайды, тактиканы зерттейді, қорғаныс саласының негіздерімен танысады. Бұл ретте оқуға қажет материалдық-техникалық базаны жетілдіру қажет. Қорғаныс министрлігі, облыстық әкімдік пен «Жас сарбаз» қозғалысының үшжақты меморандумы қоғамдық бірлестікті дамытуға бағытталған.

 

 

Эльмира Садвокасова