Денсаулық сақтау

СҚО-да тұңғыш рет аневризманы ауыздықтайтын ота жасалды

Аневризма – мидағы қан тамырларында пайда болатын қапшық. Оның жарылуы сал ауруына, кей жағдайда, тіпті өлімге әкеп соқтырады. ЭмболизАция отасы мұның алдын алады. Бұл операция осыдан 5 күн бұрын алғаш рет Петропавлдағы кардиологиялық орталықта жасалды.

Кардиологиялық орталықтың операция бөлмесі. Әйнектің ар жағында ақ халаттылар кезекті науқастың өміріне араша түсуде.

Ал осыдан 5 күн бұрын дәл осы бөлмеге миына қан құйылып, инсульт алған пациент түседі.

Мақсат Кудратуллаев – “Облыстық аурухана” ШЖҚ КМК кардиологиялық блогының жетекшісі:

 – Миына қан құйылуға алып келген себеп – мидың қан тамырларында қапшық сияқты грыжаның пайда болуы.

Ми тамырындағы бұл қапшық – аневризма. Кішкенай ғана болса да, қауіпті саналады. Бір рет жарылса, қан басқа шауып, адам сал болып қалуы мүмкін.

Мақсат Кудратуллаев – “Облыстық аурухана” ШЖҚ КМК кардиологиялық блогының жетекшісі:

– Бірнеше күннің ішінде қайта жарылатын болса, адамның өмірін үзуі мүмкін.

Мұны болдырмасқа 60 жастағы ер адамға аневризманы ауыздықтайтын ота жасалған. Солтүстік Қазақстанда – тұңғыш рет, ең бастысы – пышақсыз.

Мақсат Кудратуллаев – “Облыстық аурухана” ШЖҚ КМК кардиологиялық блогының жетекшісі:

– Шап тұсынан сан артериясына арнайы ине қойылады. Сол иненің ішімен керекті катетрлар мидың артериясына жеткізіледі.

Сол катетр арқылы манағы қапшықтың іші платинадан жасалған спиральдармен толтырылған. Процесс барысы – экрандарыңызда. Осыдан кейін тамырдағы аневризма жарылмайды, екінші рет миға қан құйылмайды. Науқасқа енді өмірі үшін алаңдаудың қажеті жоқ. Операция небәрі 1 сағатқа созылыпты. Оны елордалық нейрохирург жергілікті дәрігерлермен бірлесе жасаған. Емделушінің жағдайы қазір – жақсы. Бұл – теріскейлік медицина үшін алғашқы тәжірибе. Бүгінге дейін мұндай күрделі отаны жасауға мүмкіндік болмаған.

Мақсат Кудратуллаев – “Облыстық аурухана” ШЖҚ КМК кардиологиялық блогының жетекшісі:

– Кардиологиялық орталықта неврологиялық және нейрохирургиялық бөлімше болған жоқ. КТ мен МРТ деген аппараттар бар. Бұл құрылғылар да бізде болған жоқ.

Облыстық ауруханада бар бұл қондырғылардың бәрі. Жуырда бұл мекеме мен кардиологиялық орталық біріктірілді. Нәтижесінде диагностиканы – облыстық ауруханада, ал отаны осында жасау мүмкіндігі туған. Яғни, енді науқасты елорда мен Алматыға тасудың қажеті жоқ.

 

 

 

 

 

Саят Ермек