ТЖ

Өрт сөндірушінің ерлігі

Ғ.Мүсірепов ауданында  өрт сөндіруші жанып жатқан үйден ерлі-зайыптыны құтқарды. Оқиға ақпанның 5-сінен 6-сына қараған түні Новоишимка селосында орын алған. Жер үйден от шыққан кезде ішінде 63 пен 68 жастағы баспана иелері болыпты.

Абырой болғанда, екеуі де дін аман. Оларды №16 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Ілияс Бахманов құтқарған. Азамат қызыл жалынды түнгі бірлер шамасында үйіне бара жатқан жолда байқап қалып, бірден әрекет еткен. Ол ең алдымен нысан ішінен зейнеткерлерді, кейін 4 бірдей газ баллонын сыртқа шығарады. Көп кешікпей оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп, тілсіз жауды ауыздықтайды. От ғимараттың шатыры мен іргелес орналасқан шаруашылық нысанын шарпыған. Мамандардың сөзінше өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан екен.