Білім

Петропавлдық жасөспірімдер ағылшын тілін тегін меңгеруде

“Жасөспірімдерге арналған ағылшын тілі”. Жергілікті педагог Шынар Тоқышева осындай бірегей жобаны қолға алды. Оның ерекшелігі – курстар еркін форматта өтеді, сонысымен тиімді дейді. Әрі шет тілді жастар тегін меңгеруде.

АҚШ-тың танымал жоғары оқу орындарында білім алуды армандайтын жастар көп. Асқақ арманның орындалуы үшін бірінше кезекте тіл білу керек. Яғни, Шекспир тілін жетік меңгерген жөн. 14 жастағы Ақнәзік Эркеуланова ағылшынша еркін сөйлейді. Бірақ, әлі бүге-шүгесін толық білмеймін дейді. Сондықтан, мектеп бағдарламасымен шектелмей, облыстық кітапхана қабырғасында ұйымдастырылған арнайы курсқа жазылыпты.

“Жасөспірімдерге арналған ағылшын тілі” жобасы аясында қолға алынған курсқа Ақнәзік 5 ай бұрын келіпті. Жасөспірім мұндағы оқыту ерекше әрі қызықты дейді. Соның арқасында біраз дүниені меңгеріп алған.

Ақнәзік Эркеуланова – жоба қатысушысы:

– Басында осында келгенде ағылшын тілім онша болған жоқ, ал қазір керісінше. Тілді тез үйреніп алдым. Бұл жерде өзімізді еркін сезінеміз. Түрлі ойындар, дебаттар өткіземіз. Барлығы ағылшын тілінде. Соның арқасында тілді тез үйренуге болады.

Жалпы, “Жасөспірімдерге арналған ағылшын тілі” әлеуметтік жоба болып саналады. Ол 2019 жылдың қыркүйек айында қолға алынған екен.

Оның авторы – Шынар Тоқышева. Жерлесіміз – құр ұйымдастырушы ғана емес, білікті оқытушы. Педагог юылтыр былтыр 1 ай бойы Ұлыбританиядағы атақты Кембридж университетінде оқып, халықаралық дәрежедегі сертификатқа ие болыпты. Бұл құжатпен әлемнің кез келген бұрышында сабақ беруге болады екен. Қазір нәзікжанды білген-түйгенін 13 пен 16 жас аралығындағы 40-тан астам ұл-қызға үйретіп жүр.

Шынар Тоқышева – “Жасөспірімдерге арналған ағылшын тілі” жобасының авторы:

– Жобаның басты мақсаты – ағылшын тілін жалпы білім беретін мектеп оқушыларына тереңірек үйрету. Сондай-ақ, жасөспірімдердің оқуға деген ынталарын арттыру болып табылады. Жалпы, курстар өзгеше форматта өтеді. Бәсекеге қабілетті білім аламын деген жастарды тегін курсқа шақырамын. Оған қоса, сабақ барысында мұхиттың арғы жағындағы елдердің мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен де танысуға болады.

“Жасөспірімдерге арналған ағылшын тілі” жобасы 9 айға жоспарланған. Мамыр айында аяқталады. Осы аралықта шет тілін оқып-тоқыған жасөспірімдерге сертификаттар табыс етіледі. Шынар Тоқышева ісін әрі қарай жалғастырмақ ниетте. Ол алдағы уақытта аудан мектептерінің оқушыларына арнап, осындай жоба әзірлемекші. Тағы, маман журналистерге де арнайы курс ашып, ағылшын тілін үйретуді қалайды.

 

Ешкенова Дана