Мәдениет

әл-Фараби еңбектерінің көрмесі қанат жайды

“Риторика”, “Поэзия өнері”, “Бақытқа жол сілтеу” және “Медицина каноны”. Биыл – әлемге әйгілі екінші ұстаз әл-Фарабидің дүниеге келгеніне 1150 жыл. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ғұлама жазған еңбектердің көрмесі қанат жайды.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Жібек жолының маңызды орталығы болған Отырар қаласының маңында дүниеге келген. Бала кезінен-ақ білімге құштар болып өскен ол 12-16 жас шамасында Бағдатқа саяхат жасапты. Тарихи деректерге сүйенсек, ұлы ойшылдың ғылымға деген құштарлығы да дәл сол кездері ояныпты.

әл-Фараби – социология, математика, физика және астрономия ғылымдары мен музыка теориясын жіті меңгерген. Ол өзінің асқан ақылдылығымен әлемге әйгілі Аристотельден кейінгі 2-ші ұстаз атанады. Бүгінде оның 200-ге жуық философиялық және ғылыми трактаты сақталған.

Тарихи деректерге сүйенсек, ұлы ойшыл 70-ке жуық тілді білген екен. Мамандардың айтуынша, “Медицина каноны” атты еңбегін бірнеше тілге аударып жазыпты. Туынды орта ғасырдағы медицина мен философияның дамуына ықпал еткен.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Кітапханашылардың сөзінше, әл-Фарабидің мына бір кітабын өзімізден бөлек, өзге елдің тұрғындары да сүйіп оқиды. Мұнда ойшыл мінсіз мемлекет болудың жолдарын көрсеткен. Сондай-ақ, қайырымдылық пен игіліктің адамға әкелер мол пайдасы жайлы айтыпты.

Кітапта әлеуметтік және экономикалық тақырыпта жазылған шағын эсселер де бар. Ғұлама өз еңбегінде саясатқа қатысты өзекті мәселелерді де қозғапты. Ал “Риторика”, “Поэзия өнері”, “Бақытқа жол сілтеу” туралы трактаттарында көркемдік, сұлулық, бақыт пен мейірбандыққа аса көңіл аударған.

– әл-Фарабидің туындыларын жиі оқимын. Оны бір оқығаннан түсіну қиындау.

– әл-Фараби секілді біраз тілді меңгергім келеді.

Көрмеде ғұламаның еңбектерінен бөлек, өзге де ғалымдардың зерттеулерін көруге болады. Геология-минералогия ғылымдарының докторы Ақжан әл-Машанидің “әл-Фараби” тарихи романында ойшылдың көркем бейнесін көрсеткен.

Нұрсұлу Исаева – қала тұрғыны:

– Мен әл-Фарабидің барлық дерлік еңбегін оқып шықтым. Жақында ғана әл-Машанидің ғұлама туралы жазылған кітабын да сатып алдым. Туындыда оның өмірі жайлы толығырақ ақпарат берілген. Сондай-ақ, әл-Фарабидің қаламынан шыққан шығармалардың тереңдігінен жайлы баяндалыпты.

Айта кеткен жөн, “әл-Фараби – шығыстың көрнекті ойшылы” атты көрме облыстық кітапханада жыл бойы жұмыс істейді.

 

 

 

 

Маржан Касымбек