Құқық қорғау органдары

Екі Сібір елігін атқан қала тұрғыны ұсталды

Заң қатаңдаса да заңсыз аңшылар тыйылар емес. Қаңтардың басынан бері өңір полицейлері 5 бірдей браконьерлік қылмысты әшкерелеген. Соңғы заңбұзушылық бірер күн бұрын, ақпанның 4-і орын алды. Қызылжар ауданында Сібір еліктеріне оқ атқандар құрықталды.

Желяково ауылының маңы. «Соколовка» аңшылық шаруашылығының қорықшысы аумақты аралай жүріп, қаркезгіш техниканы байқайды, полиция шақырады. Бекер емес. Ізін кесіп, қуып жетіп, тексеріс жүргізгенде көліктен тәртіп сақшылары атылған 2 бірдей Сібір елігін тапқан. Браконьерлерден аңшылыққа арналған қару-жарақ та тәркіленеді. Машинаны тізгіндеген 35 жастағы ер адам қазір – қамақта.

Темірбек Таубаев – Қызылжар аудандық полиция бөлімінің тергеушісі:

 – Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 337-бабының 3-тармағымен қарастырылған, яғни, заңсыз аң аулау қылмыстық құқықбұзушылық жасағандығы үшін 1985 жылы туған Петропавл қаласының тұрғыны ұсталып, Қызылжар ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Ал жігіттің жанында болған адамның қылмысқа қатысы бар ма, жоқ па – ол, әзірге, анықталып жатыр. Жабайы жануарға заңсыз оқ атқандар оңайлықпен құтылып кете алмайды. Еске салсақ, қаңтардың 11-інен браконьерлік үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды. Яғни, айыппұл бұрын 400 мың теңге болса, қазір шамамен 8 млн теңгені құрайды. Ал 40 тәулікке қамауға алу жазасы, тіпті, 3 жылға дейін бас бостандығына айыруға алмастырылды. Бірақ, аңшыларға бұл тоқтау болып тұрған жоқ. Осы оқиғаны қосқанда жыл басталғалы бері Солтүстік Қазақстан облысында браконьерліктің 5 фактісі тіркеліп отыр.

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы