Спорт

Боксшы қыздар Екібастұздан жүлделі оралды

Боксшы қыздар жүлделі оралды. Ақпан айының 2-сі күні Екібастұз қаласында жастар мен юниорлар арасында республикалық жарыс өткен болатын.

Қыздардың жаттығуы күнде осылай басталады. Жүгіріп денені қыздыру, жаттықтырушының нұсқауы көлеңкемен сайыс және спарринг. Жас былғары қолғап шеберлері сабақтан кейін спорт залына бір рет келіп бапкермен бірге шеберліктерін арттырады.

Сабыржан Сақтағанов – К.Сафин атындағы бокс мектебінің жаттықтырушысы:

– Қыздар жаттығуға жақсы көңіл бөледі. Бойларынан еріншектік байқалмайды. Өте жауапты. Айтқан тапсырмаларды бұлжытпай орындайды. Жарыс кезінде қыздарға жүктеме ұлғаяды. Олар таңертең және кешке 2 мәрте жаттығады. Оған қоса салмақ түсіру де бар.

3 қыз да Камиль Сафин атындағы бокс мектебінің тәрбиеленушілері. Олар қаңтардың 27-сі мен ақпанның 2-сі күндері жастар мен юниорлар арасында өткен республикалық жарыста қолғап түйістіріп, жүлдемен оралды. Мәдина Бауыржан сол жарыста 3-ші орыннан көрініпті. Сондай-ақ, спорт шеберіне үміткер атағын қорғап шыққан. Боксшы қыздың спортқа ден қойғанына 2 жыл болыпты.

Мәдина Бауыржан – К.Сафин атындағы бокс мектебінің тәрбиеленушісі:

-1-ші және 2-ші қарсыласымды оңай ұттым. Ал 3-ші қызбен қолғап түйістіру ауыр болды. Мен сол кезде тұмауратып қалған едім. Сол себепті, есе жіберіп алдым. Болашақта Олимпиада ойындарының чемпионы – жерлесіміз Дариға Шакимова секілді болғым келеді.

20 жылдан бері күрзі қолғап шеберлерін дайындап келе жатқан Сабыржан Сақтағанов қыздардан зор үміт күтемін дейді. Болашақта олардан Азия чемпиондары шығатынына сеніммен қарайтынын жеткізді.

Сабыржан Сақтағанов – К.Сафин атындағы бокс мектебінің жаттықтырушысы:

– Мәдина – өте пысық қыз. Әр жаттығудан кейін маған келіп жіберген кемшіліктерін сұрайды. Қателіктерін осылай өзі түзетіп отырады. Менімен көп ақылдасады. Дарина мен Аружан да сол секілді. Қыздар жаттығу жасаудан шаршамайды. Олар өз істеріне өте жауапты.

Қазір спортшылар жазда Тараз қаласында оқушылар арасында өтетін спартакиадаға дайындалып жатыр.

 

 

Бердимурат Баймухан