Білім

Жергілікті ЖОО-дағы жемқорлықпен күрес жұмыстары

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың бірнеше оқытушысы емтихан бағаларын көзді жұмып қоя салғаны үшін сөгіс алды. 3 студент, тіпті, сынақта смартфон шығарып, көшіргені үшін жазғы семестрге қалған. Мұны оқу ордасы ректорының міндетін атқарушы Ербол Исақаев мәлімдеді. Жоғарғы оқу орны жемқорлықты жоюда бірқатар қатаң, бірақ ықпалды шараларды қолға алсе керек. Олар жайлы “Антикор” орталығында өткен брифингіде айтылды.

Парақорлық пен әділетсіздік жоғарғы оқу орындарында жиі кездеседі. Университеттердегі мәз емес ахуалды Президенттің өзі Жолдауында ерекше атап өткен еді. Тағы бір тыңдайық!

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз.
Өлкедегі жалғыз білім ордасы ішкі жемқорлықпен күресті бастап кеттік дейді. 2018-дің күзінен бері М.Қозыбаев атындағы университет – отандық “Академиялық адалдық лигасына” мүше. Содан бері талаптар әжептәуір қатаңдатылған. Бұл, әсіресе, сабағына келмей, оқуына сылбыр қарайтын студенттерге қатысты.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы:

– Нашар үлгерімі үшін оқудан шығарылған студент біздің университетке де, адалдық лигасына мүше ететін өзге 10 оқу ордасына да қайта қабылданбайды. Яғни, бұл азаматтарға қайтадан 1-ші курсқа түсу керек болады. Бұл – әрине, өте қатал шара, бірақ мұнсыз болмайды.

Университетте биылдан ауызша емтихандар да алынып тасталған. Сынақтардың 90 пайызы жазбашамен алмастырылыпты. Бұл ұстаз бен студент арасындағы парақорлық қатынасты тамырымен жояды яки балл үшін оқытушы қолтығына сыйлық не ақша қысу тыйылады.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы:

– Жазбаша емтихан бланкісінде студенттің аты-жөні көрсетілмейді, тек жеке нөмірі ғана. Сондықтан кімнің жұмысын қарап жатқанын оқытушы білмейді де. Тіпті, жұмыстар басқа ұстазға тексеруге берілуі мүмкін. Көзді жұма салып, баға қою тоқтайды осылайша.

Ал сынақта шпаргалка-телефонмен ұсталғандар аудиториядан қуылып, жауабы қабылданбайды, яғни студент автоматты түрде 0 балл алды деген сөз. Ал 0 алған студент пәнді жазғы демалыста қайта оқып, қайта сынақ тапсыруға міндеттеледі. Бұл үшін 50-ден 90 мың теңгеге дейін ақша төлеу керек тағы. Өткен сессияда 3 білім алушы осы жазаға іліккен. Университет басшылығы мақсатымыз – қорқытып, жазалау емес дейді. Тек ұстаздардың да, жастардың да жауапкершілігін арттырып, адалдыққа тәрбиелеу үшін қолданылып жатқан шаралар. Өйткені, дипломды пара беріп алған маманның ертең жоғарғы лауазымда отырып сол параны өзгелерден алмасына кім кепіл?!

 

 

Саят Ермек