Қоғам

Жазасын өтеп шыққандарға жасалып жатқан жағдай

Заң бұзып, істі болған мыңнан астам жерлесіміз пробация қызметінің есебінде тұр. Бұл – түзету мекемесінен уақытынан бұрын шыққандар мен бостандығы сотпен шектелгендер. Олардың жұмысқа тұрып, жағдайын түзетіп, қоғамдағы қалыпты тіршілікке бейімделуіне жағдай жасалып жатыр.

Заңсыз пайдаға елігудің салдары. 29 жастағы Денис – жоғары білімді экономист. Сауда-саттықпен айналысқан жігіт тұтынушысын алдап, алаяқтық үшін екі жылға сотталады. Сот темір торға оны тоғытпайды, тек бостандығын шектейді.

Денис Федотов:

– Дәмхана, клубтарға есік жабық, кешкі сағат 8-ден кейін үйде болу керек әрі апта сайын пробация бөліміне келіп, белгіленіп тұрамын.

Шартты мерзімнің 1 жылы – артта. Қателігін Денис түсінген, алайда саудамен айналысуды жалғастыруды жөн көреді, бизнес ашады. Тек бұл жолы бәрі заңды.

Денис Федотов:

– Өзге өңірлерден көтерме бағамен азық-түлік алып, оны жергілікті дүкендерге өткіземін. Бәрі заңның аясында, салықты уақытылы төлеп тұрамын, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырмын.

Саят Ермек – тілші:

– Бірақ, Денис сияқты бәрі сабақ ала бермейді, өкінішке қарай. Әсіресе, түрмеден мерзімінен бұрын шыққандар көп кешікпей сол түрмеге оралып жататын жағдайлар аз емес. Былтыр өлкеде босап шығып, пробация қызметіне есепке тұрған азаматтардың 200-ге жуығы қайта шалыс басып, тағы да темір торға тоғытылған.

200-дің бірі – Дәурен Қарымсақов. 36-дағы жігіт 2017-де ұрлыққа барып, 2,5 жылға бостандығы шектелді. Кейін қайта жат қылық жасады, үйдегі қамақтан колонияға түсті. Түрмедегі жақсы тәртібі үшін кешірек жазасы тағы да жеңілдеген еді. Былайша айтқанда, екінші мүмкіндік. Бірақ, бұл мүмкіндікті де ол мүлт жіберген.

Дәурен Қарымсақов – жазасын өтеуші:

– Белгіленуге бармадым, автобуспен жолға ақшам да болған жоқ.Тәртіпбұзушылықтар жинала беріп, 6-ға жетіп, қайтып келдім. Өкініп отырмын. Отбасым бар, екі балам бар.

Жауапсыздықтың салдары сол – Дәурен қазір бос уақытын жақындардың жанында емес, колония кітапханасында көп өткізеді. Бостандықтың ауылы алыс емес – 2020-ның желтоқсаны. Еркіндікке шығайыншы, өмірімді өзгертемін дейді.

Дәурен Қарымсақов – жазасын өтеуші:

– Отбасымды асырап, дұрыс жұмыс табамын, ақылға кіремін. Тракторист, дәнекерлеуші болып жұмыс істей аламын.

Өкінішке қарай, түрмеден шыққандардың арасында өмірін өзгертуге ниеттілер азайып барады. Мұны пробация қызметінің психологтары да растап отыр. Істілердің жан дүниесін олар жақсы біледі.

Марина Кочкина – Петропавл қаласы пробация қызметі бөлімінің психологы:

– Заңның ала жібін екінші рет аттауға ішімдік пен есірткіге әуестік жиі итермелейді. Бірақ, басты себеп – жұмыс пен ақшаның жоқтығы. Мәселен, ұрлық жасап жазаланғандардың көбі бостандыққа шыққасын ұрлыққа тағы әуестенеді. “Неге?” деп сұрағанда, күнкөріске қаржы таба алмағасын, өзге амалым болмады деп ақталады.

Жалқаулық па әлде шынымен де жұмыстың жоқтығы ма? Бостандыққа шыққан жандарды темір тордың ар жағына қайта түсуге не итермелейді? Киімің көк, үш мезгіл тамақ тағы бар. Осылай ойлап, колонияға көңілі ауып, қылмысқа қайта баратындар да жоқ емес. Ал кейбірі көпжылдық қамақтан соң, тіпті, қоғамға сіңіп, қайта бейімделе алмайды екен. Шартты сотталған не мерзімінен бұрын босап шыққан 1 мыңнан астам жан облыс бойынша пробация есебінде тұр қазір. Мұндайлармен жұмыс жүйелі жүргізіледі. Психологиялық көмек былай тұрсын, жәрдемнің өзге де түрлері жететін.

Евгений Зель – Петропавл қаласы пробация қызметі бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

– Денсаулығы нашар болса, кепілді пакет есебінен медициналық көмек көрсетіледі, жұмысы болмаса жұмыс тауып береміз, ал кәсібі болмаса, қысқа курстарға жазамыз. Құжаттары дұрыс болмаса, дұрыстап береміз.

Ал істі болған тұрмысы төмен азаматтарға 25 мың теңге көлемінде бір рет жәрдемақы да беріледі екен. Тұрақты жұмыс тапқанша күн көрсін, мұқтаждықтың кесірінен теріс жолға қайта түспесін деп. Кезінде аяғын шалыс басып, жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеу мақсатында бірталай жұмыс атқарылып жатыр. Тек сол жандар масылдыққа үйреніп алмай, қоғамға пайдаларын тигізуге тырысса игі…

 

 

 

 

Саят Ермек