МТРА жаңалықтары

СҚО аграрлы салаға инвестиция тартуда көш бастап тұр

СҚО аграрлы салаға инвестиция тартуда көш бастап тұр. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығына 300 млрд теңге құйылған. 93 млрд-ы өткен жылы бағытталыпты. 2019 жылы оң нәтиже құрылыс саласында да байқалды. Былтыр 8 мың жерлесіміз армандаған пәтер кілтіне қол жеткізді.

Ойын-сауық орталықтары, көпқабатты баспаналар, мектептер мен аурухана. Жыл сайын өңірдегі құрылыс қарқыны дамып келеді. Былтырғы көрсеткіш сөзімізге дәлел.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– 2019 жылы қаңтар-желтоқсанда құрылыс жұмыстарының көлемі 86,8 млрд теңгені құрады. Негізгі көлем жеке меншік нысанындағы кәсіпорындармен орындалды. Тұрғын үй құрылысына – 29,2 млрд теңге қаражат, ол өткен жылғы тиісті кезеңге 144,1 пайызды құрайды.

Кеуде қағарлық нәтиже. Айтарлықтай жұмыс, әсіресе, үй тұрғызуда атқарылған. Осылайша, өткен жылы 8 мың жерлесіміз қоныс тойын тойлады. Олардың ішінде 130-ға жуық көпбалалы отбасы да бар. Жалпы, былтыр баспана кілтіне қол жеткізуді армандаған солтүстікқазақстандықтар үшін 2240 пәтер табысталды. Биылғы жоспар – халық игілігіне 3 мың пәтер тапсыру. Ауқымды міндет инвестиция тарту бойынша да жүктеліп отыр. 2019-да аталған бағыттағы өсім 8,8 пайызды көрсетті. Яғни, негізгі капиталға 235 млрд теңге тартылған.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Шаруашылық жүргізетін субъектілердің меншікті қаражаты қаржыландыружың басым көзі болып қалуда, бюджет қаражаты – 17,7, банк кредиттері – 3,3, өзге қарыз қаражаты 5,6 пайызды құрайды. Инвестицияларды игеру бойынша басым салалар: ауыл, орман және балық шаруашылығы, өнеркәсіп, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, көлік және қоймалау.

Құйылған қаражаттың 93 млрд-ы аграрлы салаға бағытталыпты. Айта кету қажет, ауыл шаруашылығына қаржы тарту ісінде біздің өңір көш бастап тұр. Соңғы үш жылда мал басын кебейтіп, егін егуге 300 млрд теңге инвестиция жұмсалды. 2019 кіші және орта бизнес өкілдері үшін де сәтті болды. Бүгінде мұндай кәсіпкерлердің саны 30 мыңнан асады. Іскер жандар өткен жылы микронесиені көптеп алған көрінеді. Банктердің берген қарызы 6 млрд теңгені құрады. Ал мемлекеттік қолдаудың арқасында табысталған грант көлемі 5 есеге артты.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова