МәдениетҚоғам

Өнерлі жастар халықаралық байқаудан жүлдемен оралды

Бір күміс және екі алтын. Өнер колледжінің студенттері Омбы қаласында өткен «Сібір жұлдыздарды жарқыратады» атты халықаралық байқауына қатысты. Ресейдің тәжірибелі әншілері бақ сынаған сайыстан солтүстікқазақстандықтар жүлделі оралды.

Ombra mai fu Италия халқы сүйіп тыңдайтын классикалық жанрдағы ән. Туындынының авторы – Еуропадағы аса көрнекті опера композиторларының бірі Георг Гендель.

Операны Өнер колледжінің студенті Есім Амангелді орындауда. Өнерлі жас жуырда ғана «Сібір жұлдыздарды жарқыратады» атты халықаралық байқауына қатысып қайтты. Ол сайыстың «Академиялық ән айту» номинациясында өнер көрсетіп, бірінші орынды иеленген.

Есім Амангелді- Сібір жұлдыздарды жарқыратады» атты халықаралық байқауының бірінші орын иегері:

– Маған ән айтқан өте қатты ұнайды. Әншілік сауаттылығымды дамытқым келеді.

Ал Гульден Илеупаева байқауда музыканың джаз жанрында өнер көрсетіпті. Бойжеткеннің сөзінше, әуеннің бұл түрі Еуразия елдерінде аса танымал емес. Сондықтан болар, сайыста тыңдарманның жүрегін жаулау қиынға соққан. Ару халықаралық доданың 2 кезеңінде өнер көрсетіп, 2-ші орынды қанжығалапты.

Гульден Илеупаева – «Сібір жұлдыздарды жарқыратады» атты халықаралық байқауының екінші орын иегері:

– Джаз жанры еуропалық және африкалық музыканың тоғысуынан пайда болған. Маған бұл бағытта өнер көрсету аздап қиынға соқты. Десе де бар күшімді салып әнді дұрыс орындауға тырыстым. Алайда, жоғары нотаны алғанда біраз қателіктер жіберіп алдым.

«Сібір жұлдыздарды жарқыратады» атты халықаралық байқау Ресейдің Омбы қаласында ұйымдастырылған. Қаңтардың 30-ы мен ақпанның 2-сі аралығында өткен конкурста ел намысын 3 солтүстікқазақстандық қорғап қайтқан. Өнерпаздардың 2-уі алтыннан алқа тағынса, үшіншісі қанжығасын күміспен майлапты.

Адель Нуриахметов – Өнер колледжі әншілік бөлімінің оқытушысы:

– Халықаралық байқауда қатысушылар музыканың көптеген жанрында ән айтты. Сайысқа Ресейдің түрлі облыстарынан келген тәжірибелі әншілер қатысты. Десе де теріскейліктер намысты қолдан берген жоқ. Барымызды салып жоғары нәтиже көрсеттік.

Өнерпаздар алдағы уақытта да осындай сайыстарға белсенді қатысуды көздеп отыр.

 

 

Маржан Касымбек