Қоғам

Өңір ардагерлері жұмыстарын қорытындылады

Биыл  Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне 300 мың теңгеден аса сыйақы берілмек. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында мемлекеттің қолдауды 7 мыңнан аса солтүстікқазақстандық алады. Бұл туралы бүгін облыстық ардагерлер кеңесі президиумының кеңейтілген отырысында айтылды.

Қазіргі күні облысымызда 14 ардагерлер кеңесі мен 569 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Ал өңіріміздегі зейнеткерлердің саны 105 мыңға жетеді. 4 мыңнан астамы -жалғызбастылар. Олардың 86 мыңы қоғамдық ұйымдарға мүшелік етеді. Аға буын өкілдері қоғамдық істердің барлығына белсенді араласады. Олар қиын жағдайға тап болған зейнеткерлерге қол ұшын созып, шамалары келгенше көмек көрсетіп тұрады.

Жангелді Тәжин – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Мысалы, ардагерлердің арасында 5 мыңға жуығы – жалғызілікті. Оларға көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлер бар. Бірақ, барлығын қамту мүмкін емес. Сондықтан, жергілікті жерде осындай жұмыстар атқарып жатқан азаматтардың барлығына рақмет айтамыз.

Былтыр өңірлік ардагерлер көптеген ауқымды істің басын қайырған. Олар жас буынмен бірге саяси, спорттық, рухани-мәдени бағытта біраз іс тындырған. Оған бір мысал, 2019 жылы аудандық тұрақты комиссиялардың жастармен жұмыс жөніндегі байқауы болып өтті. Бұл конкурста Мағжан Жұмабаев аудандық ардагерлер кеңесінің комиссиясы республикада топ жарып, 1-ші орынды иеленген екен.

Жангелді Тәжин – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Өткен жылғы іс шаралардың ауқымы үлкен болды. 28 жылда 2-ші рет өткізілген Президент сайлауында ардагерлердің белсенді түрде қатысқанын айтуға тиіспіз. Барлық қоғамдық ұйымдар барлық жерде осы сайлаудың халықаралық деңгейдегі талапқа сай өтуіне өз үлесімізді қостық деп айтамыз.

Жиын барысында бірқатар жан қошеметке бөленді. Оларға медаль мен алғыс хат табыс етілді. Ал Сансызбай Қалиев болса 12 жылдан бері Уәлиханов аудандық ардагерлер кеңесіне төрағалық етіп келеді екен. Бүгін азаматтың еңбегі еленіп, орталық ардагерлер кеңесінің жоғары марапаты – «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапатталды.

Сансызбай Қалиев – Уәлиханов аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы:

– Біздің негізгі мақсатымыз – соғыс пен тыл ардагерлеріне және тұрмысы төмен адамдарға көмек көрсету. Және жастарға тәрбие беру. Соның нәтижесінде орталық кеңес аз ғана еңбегімізді бағалап Құрмет белгісімен марапаттап жатыр.

Сондай-ақ, отырыста 2020 жылы атқарылуы тиіс жоспарлар айтылды. Ардагерлер Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтуге ауқымды үлес қоспақшымыз дейді. Жалпы, облыс бойынша 7 мыңнан астам тыл еңбеккері мен 63 ҰОС ардагері бар. Олардың барлығына биыл ұлы мереке қарсаңында 300 мың теңгеден аса сыйақы берілетін болады.

 

 

 

Бердимурат Баймухан