ҚоғамЭнергетика

Биыл жылудың тарифі өсуі мүмкін

Биыл жылудың құны өсуі мүмкін. “Севказэнерго” АҚ тарифті соңғы рет 2017-де көтерген. Содан қазір жарты млрд теңгеге жуық шығынға баттық деп отыр. Компания үстіміздегі жылы  тиісті комитетке жылудың бағасын арттыру жөнінде ұсыныс жолдамақ.

2019-дың 12 айында атқарған жұмысы туралы есеп беру кезегі табиғи монополияларды реттеу комитетінің жергілікті департаментіне де келіп жетті. Ауыз су, электр энергиясы мен жылу. Аталған органға өңіріміздегі 47 монополист компания қарайды. Яғни, кәсіпорындардағы жұмысты бақылау департамент мамандарына жүктелген.

Абай Балабеков – ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 2019 жылы департамент мамандары монополистердің 60-қа жуық есебін қараған. Тарифтерге байланысты жобаларды талқылауға арналған 19 қоғамдық тыңдау өткізілді. 12 айдың ішінде 31 рет тұтынушыларды қабылдау шарасын ұйымдастырдық. Қаладан бөлек, аудандарға да барып, халықпен кездестік.

Қоғамдық қабылдауларда тұтынушылар тарифтерге байланысты шағымданбайтын көрінеді. Себебі, су, жылу мен жарықтың бағасы тұрғындар үшін соңғы рет 2017 жылы көтеріліпті. Содан бері құнына ешбір өзгеріс енгізілмеген. Салдарынан кейбір монополистер шығынға батып жатырмыз дейді.

Ирина Кумаченко, «Севказэнерго» АҚ бас директорының орынбасары:

– Тариф бекітілгенде көмірдің құны 1906 тг болды, ал қазір 2133 тг. Осылайша тұрғындарды жылумен қамтуда жарты млрд теңгедей шығынға батып жатырмыз. Оған қоса теміржол тарифі де көтерілуде. Оның бағасына да біз әсер ете алмаймыз.

Сондықтан, мамандар үстіміздегі жылдың жазында табиғи монополияларды реттеу комитетіне жылу тарифін жоғарылатуға байланысты ұсыныс жібермекші. Әзірге, қазіргі бағаға қанша қосылатыны белгісіз. Оны «Севказэнерго» АҚ қызметкерлері есептеп жатыр. Ал 2021-де дәл осындай ұсынысты «Қызылжар су» серіктестігі жолдамақ ниетте. Алдағы уақытта тарифтер өсе ме әлде өзгеріссіз қала ма? Оны айту қиын.

 

Эльмира Садвокасова