Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы саласының алқа отырысы өтті

1 гектардан 150-200 мың теңгенің өнімін алу қажет! Бүгін осындай тапсырманы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов солтүстікқазақстандық фермерлерге жүктеді. Тағы, игерусіз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарына қарқын қосқан жөн. Өйткені, кейбір бос жатқан учаскелер былтыр анықталғанымен, әлі күнге дейін Үкіметке берілмепті.

Солтүстік Қазақстан – аграрлы өлке. Ауасы таза, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін облыста егін де, мал да өседі. Мұны жер емген шаруаларымыз дәлелдеп жүр. Мәселен, былтыр фермерлеріміз ауа райының қиындығына қарамастан көл-көсір өнімді қамбаға құйды. Әжептәуір ет, сүт пен жұмыртқа өндірді.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Былтыр ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы ішкі өнім көлемі 633,8 млрд теңгені құрады. Осылайша республикада 2-ші орынға табан тіредік. Өндірілген тауар көлемі бойынша негізгі астық өсіруші өңірлер – Ақмола мен Қостанайдан асып түстік.

Биылғы жоспар ауқымды. Алдағы көктемгі дала жұмыстары кезінде аймақтағы 4,3 млн гектар жерге ырыс дәні сіңірілмек. Бұл былтырғыдан 36 мыңға көп екен. Баяндамасында Ерболат Бекшенов саладағы қиындықтарға да тоқталды. Бүгінде өлкеміздегі ауыл шаруашылығы көліктерінің дені ескірген. Өткен жылы техникалық парк 3,6 пайызға ғана жаңарған. Осы маусымда көрсеткішті 6 процентке жеткізу керек. Бұл – облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы. Ол үшін инвест субсидияларды пайдаланған абзал. Әңгіме барысында мал импорты туралы да сөз болды. Былтыр Есіл, Тимирязев аудандарына бірде-бір бас асыл тұқымды төрт аяқты әкелінбепті. Жалпы, қазір өңіріміздегі агроқұрылымдардың 19 пайызы ғана мал ұстайды және дән себеді екен. Қалғандары тек өсімдік шаруашылығымен айналысады. Мұндай жандардың құлақтарына – алтын сырға.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз қазір Үкіметпен арнайы механизм құрастырып жатырмыз. Оған жақын арада көшеміз деп ойлаймын. Жаңашылдық аясында субсидия мал ұстап, өсімдік шаруашылығымен айналысатын жандарға ғана берілетін болады. Осыны есте ұстаңыздар! Сондықтан, тұяқтылардың санын көбейтіңіздер. Және жайылымдық жерлеріңізді қараусыз қалдырмай, бүгіннен пайдаланғандарыңыз жөн.

Агроөнеркәсіптік кешін өкілдері қалтаны ғана ойламай, бір уақыт тұрғындардың тұрмысына да көңіл бөлуі тиіс. Яғни, ауылдардың инфрақұрылымдарын жақсартқаны жөн. Бірақ, бұл іс өңірімізде сәтті жүзеге асып жатыр деп айта алмаймыз. Бүгінде өлкеміздегі 5 мыңнан аса серіктестіктің 544-і ғана елді мекендерді гүлдендірумен айналысады.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары серіктестіктердің басым бөлігі Есіл ауданында орналасқан. Мұндағы 110 заңды тұлға ауылдарды гүлдендіруге ауқымды үлес қосып отыр. Ал Уәлиханов, Шал ақын аудандарында жағдай керісінше. Мысалы, Уәлиханов ауданындағы 312 кәсіпорынның 8-і ғана ел өміріне белсенді араласады.

Пайдаланылмай немесе тиімсіз пайдаланылып жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару. Бүгінде солтүстікқазақстандық атқамінерлер ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындап жатыр. Өткен жылы 42 мың гектар алқап Үкіметке өтіпті. Оның 15-і – егістік танап, қалғаны – жайылым. Мұндай жұмыс Петропавлда да жүргізілуде. Алайда, тындырылған іске Құмар Ақсақаловтың көңілі толмады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Былтыр игерусіз жатқан 165 гектар жер тексеріліп, айыппұл салынған. Бір қызығы, осы 165-тің тек 23 гектары ғана мемлекет меншігіне өтіпті. Қалған аумақты алуға не кедергі болды?

Бейбітбек Жайлыбаев – СҚО жер инспекциясы басқармасының басшысы:

– 83 нұсқама бердік. Биыл осы учаскелер игерілмесе, заң аясында мемлекет меншігіне өткіземіз.

Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов аудандарда игерілмей жатқан жерлерді тексеру жұмыстарына қарқын қосуды да тапсырды. Өйткені, былтыр Айыртауда бар-жоғы 6-ақ рет ревизия жүргізіліпті. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, небәрі 340 мың теңге айыппұл салынған. Мұны аудан басшысы тиісті мамандардың жетіспеушілімен байланыстырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Айыртау ауданының жері өте үлкен. Осындай аумақта 6 рет тексеріс жүргізу деген қисынға келмейді. Мамандар жетіспесе өздеріңіз даярлаңыздар. Сіздер жүргізген тексеріске тексеріс жасау қажет. Сапасы күмән туғызады.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы биыл өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласына 42,8 млрд теңге субсидия бөлінгендігін мәлім етті. Және фермерлерге 1 гектар жерден 150-200 мың теңгенің өнімін алу қажетпіз деген міндет қойды.

 

 

 

 

 

 

 

Култанов Байболат