Құқық қорғау органдары

Қала тұрғыны интернет алаяғына алданып қалды

Ғаламторда алдап-арбау фактілері тыйылмай тұр. Жыл басынан бері СҚО-да 30-ға тарта интернет-алаяқтық оқиғасы тіркеліпті. Бүгінде оның жартысының беті ашылған. Жақында көлік сатып алғысы келген 34 жастағы петропавлдық сан соғып қалды. Оның 500 мың теңгесін бәз біреу банк картасына аудартып алған соң ізім-ғайым жоғалған.

Оқиға былай болған. 34 жастағы қала тұрғыны интернет-дүкендерді ақтарып, өзіне темір тұлпар іздейді. Сөйтіп, “Колеса” сайтынан “Мерседес” маркалы машинаны көреді. Суретте автокөліктің сырт кейпі жақсы әрі бағасы да қалта қақпайтын болғандықтан азамат бірден сатушыға хабарласып, өзара мәмілеге келеді. Әңгіме барысында телефонның ар жағындағы бәз біреу оған алдын ала 500 мың теңге төлем жасау қажеттігін айтады. Кейін, құжаттарды рәсімдейміз, кілтті де сонда қолыңа ұстатамын дейді. Ал қалған соманы кездескенде бересің деп айтқан. Бұған жәбірленуші иланып, ақшаны қудың банк картасына жібереді. Көп кешікпей сатушы ізім-ғайым жоғалады. Сол сәтте тұрғын сан соғып қалғанын түсінеді.

Виталий Подчернин – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Жәбірленуші 23-ші қаңтар күні бізге келіп, мән-жайды түсіндірді. Кейін, бірден ҚР ҚК 190-бабы алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір интернет арқылы айласын асырған жанды іздеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алаяқ заңсыз ісі үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Осы орайда тәртіп сақшылары тұрғындарға алаяқтардың арбауына түсіп қалмау қажеттігін ескертуде. Ол үшін барынша сақ болу қажет. Себебі, айлакерлер адамдармен интернетте жалған аккаунттар арқылы сөйлеседі. Яғни, бөтен біреудің есімін жамылып, фотосуретін қойып, жеке деректерін жіберіп сенімге кіреді. Сондықтан, сатылымға қойылған затқа таңдау жасамас бұрын астында жазылатын пікірге назар аудару қажет екен. Бұл – полицейлердің ақыл-кеңесі.

-Мен өзім интернет-дүкендерден зат алмаймын. Себебі, досым ұялы телефонға тапсырыс беріп, опық жеді. Оған бос қорап келді.

– Мұндай жағдайға тап болмас үшін сатушылармен дұрыстап сөйлесу керек. Және затты алмас бұрын анық-қанығына көз жеткізіп, астында жазылған пікірді оқу керек.

Жалпы, жыл басынан бері облысымызда интернет-алаяқтықтың 27 фактісі тіркеліпті. Бүгінде оның жартысының беті ашылған. 

Актолкын Солтанханкызы