Қоғам

Пресновкада мемлекеттік бағдарлама аясында ашылған фитнес-клуб жұмыс істеуде

Ауылдық жердегі ерекше бизнес. Жамбылдық спортшы жігіт аудан орталығы – Пресновка селосының тұрғындарына арнап фитнес-клуб ашқан. Қазір жаттығу залы жергілікті жұртшылық арасында аса танымал. Бұқара жұмыстан кейін кешкітұрым осында келіп, спортпен айналысады екен. Жас кәсіпкер ісін бастарда мемлекеттік қолдауға жүгініп, грант ұтып алыпты.

Жүгіру жолағы, велосипед – не керектің бәрі бар. Бұл – Пресновкадағы алғашқы және әзірге, жалғыз фитнес-клуб. Кешке жұмыстан кейін залға тұрғындар көптеп жиылады, ал күндіз оқушылар шынығады.

Сұлтан Бастанов, Пресновка селосының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Бір апта болды мұнда келіп жүргеніме. Өзім бокспен айналысамын. Жаттығулар мен сабақтан тыс уақытта осында шынығамын. Спортпен айналысатын орынның болғаны керемет қой.

10 рет келіп жаттығу құны – 3 мың теңге. 2 залға бөлінген фитнес-клуб жергілікті мектеп жертөлесінде орналасқан. Мұнда бір күнде 60-70 адам жиылады. Келушілер көп, оның себебі қарапайым. Пресновкада бөлек дене шынықтыру кешені әлі жоқ, сондықтан бұқараның жүйелі түрде спортпен айналысатын жері де болмаған. Бұл қажеттілікті Михаил КОсинов табыс көзіне айналдырып отыр.

Михаил Косинов – фитнес-клуб директоры, Жамбыл ауданы:

– Идея бір жыл бұрын пайда болды. Өзім спортшы болғандықтан неге жаттығу залын ашпасқа деген ой келді. Өз қалтамнан 100 мың теңге шығарып, ескі тренажерларды сатып алдым. Кейін “Бизнестің жол картасы” жобасына қатысып, 900 мың теңге грант ұтып алдым. Бұл қаржыға жаңа қондырғылар алынды. Негізі, залға ер азаматтар көп келе ме деп ойлағанмын, алайда, клиенттердің 85 пайызы – нәзікжандылар.

Мектеп жертөлесіндегі қос залды кәсіпкер жалға алып отыр. Су тартылған, душ жақын арада орнатылады. Фитнес-клуб – “Бизнестің жол картасы” бойынша Жамбыл ауданында былтыр жүзеге асқан небәрі екінші жоба. Бірақ, кәсіп ашамын деген ағайын арасында “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы сұранысқа ие.

Гүлнұр Теңізбаева – Жамбыл аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы:

– 2019 жылы 117 адам кәсіпкерлік оқу өтті, олардың 100-іне грант берілді, 53-і несие алды.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы бір жылдың ішінде Пресновкада фитнес-залдан бөлек жаңа шаштараз, шиномонтаждау нысаны мен ет дүкені ашылған.

 

 

 

Саят Ермек