Мәдениет

Петропавлдық оқушылар халықаралық байқаудан жүлделі оралды

Абай атамыз айтқандай «Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй». Солтүстікқазақстандық домбырашы ұл-қыздар халықаралық байқаудан жүлделі оралды. Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушылары елордада өткен додада 2-ші орын еншіледі.

Оқушылар шертіп жатқан күй «Тепең көк» деп аталады. Дәл осы туындыны жерлестеріміз ақпанның 2-сі күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен “Бала шабыты” атты халықаралық байқауда орындапты. Домбыраның құлағында ойнайтын талантты жерлестеріміздің өнері жоғары бағаланған екен. Олар додада 2-ші орынға лайық деп танылыпты. Жалпы, конкурсқа Қазақстанның түкпір-түкпірі мен Ресей және Қырғызстаннан келген мыңға жуық бала қатысып, 4 аталым бойынша сынға түскен.

Шынар Темірханова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің музыка пәні мұғалімі:

– Сайыста 10 шақты домбырашылар тобы болды. Олар мектептерден және музыка мектептерінен де болды. Оқушыларымыз өз деңгейлерінде өнер көрсетіп, 2-ші орын жеңіп алғандарына қуаныштымыз. Бізге демеушілік етіп, сол жаққа қолдап жіберген ата-аналарға рақмет.

Санжар Бәкібаев – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің «Мұрагер» домбырашылар ансамблінің мүшесі. Ол 2 жылдан бері ұлттық астапта ойнап жүр. Жеткіншек халықаралық сайысқа алғаш рет қатысыпты. Сахна төріне шыққанда қатты қобалжыдым дейді. Бірақ, қорқынышын жеңе біліп, ойдағыдай өнер көрсеткен екен.

Санжар Бәкібаев – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:

– Негізі, ағам домбырада ойнайды. Оның ойнаған күйлерін тыңдап жүріп, мен де қызықтым. Қазір екеуіміз үйде бірге домбыра шертеміз. Маған өзінің білгенін үйретіп тұрады. Жарыста қобалжыдым. Қолдарым дірілдеп тұрды. Бірақ, бәрін ойдағыдай орындап шықтым.

Биыл «Мұрагер» домбырашылар ансамблінің құрылғанына – 13 жыл. Алайда, бұл оқушылар қатарға биыл ғана қосылып, ұлттық өнерімізді ұлықтап жүр. Бұған дейін дәл осы ұжымның құрамында домбыра шерткен ұл-қыздар “Бала шабыты” халықаралық байқауында гран-при иеленген екен.

 

 

Бердимурат Баймухан