Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Тайынша ауданында қоғамдық қабылдау өткізді

Көктемде қар ерігенде Тайынша ауданындағы Теңдік ауылының маңын су басады екен. Ағайын биыл тағы ешқайда қатынай алмай қаламыз ба деп алаңдаулы. Көкейді мазалаған мәселені тұрғындар Құмар Ақсақаловқа жеткізді. Облыс әкімі Тайынша қаласында өткізген қоғамдық қабылдауда бұдан бөлек, тағы бірнеше проблеманың шешілуін қарастырды.

Облыс әкіміне бірінші болып Тайынша қаласының тұрғыны Галина Вирт жолықты. Өнерге бір табан жақын нәзікжанды аудан орталығына жаңадан мәдениет үйі салынса дейді. Өйткені, қазіргі нысан әбден ескірген екен. Іші де тар, көрермендер мен әртістерге мүлде қолайсыз.

Галина Вирт – Тайынша қаласының тұрғыны:

– Көп әртіс жиналған кезде сахнаның сыртында жүретін орын болмай қалады. Дайындалатын бөлмелер де жоқ. Тізе берсең кемшін тұстары көп. Сондықтан, барлық тұрғындардың атынан сұрарым, мәдениет үйін тұрғызуға көмектессеңіз.

Қазіргі мәдениет үйінің жағдайымен аудан халқы да, журналистер де жақсы таныс. Кеше ғана сонау 64-ші жылы тұрғызылған ғимаратта аудан әкімі Иван Турковтың қорытынды есептік кездесуі өтті. Сонда акт залының әбден ескіргенін көрдік. Нысан іші де салқын. Зейнеткердің өтінішін облыс әкімі Құмар Ақсақалов құптады. Және ғимаратты көпфункционалды етіп салу қажет деген өзінің ойын білдірді.

Құмар Ақсақалов – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Нысанның бір бөлігін дене шынықтырумен айналысу үшін салу қажет. Екінші жағын мәдени іс-шараларға арнағанымыз жөн. Сонда халық ғимаратқа жиі барып, спортпен шұғылданады, концерттер өткізеді. Біз мұндай бастаманы қолдаймыз. Аудан әкіміне арнайы жоба әзірлеуді тапсырамын.

Сейітжан Шәймерденовті жол мәселесі алаңдатады. Ол Теңдік ауылына дейінгі 6 шақырымның қалыпқа келтірілгенін қалайды.

Иван Турков – Тайынша ауданының әкімі:

– Азамат өте өзекті мәселемен келіп отыр. 6 шақырымның 1000-1200 метрін жылда Шағалалы өзені шаяды. Салдарынан Теңдік және өзге де ауылдардың тұрғындары қатынай алмай қалады. Бұл учаскені 1 метрге көтеру қажет. Жалпы, жөндеу жұмыстарына 206 млн теңге керек.

Бұл видео 2017 жылдың көктемінде түсіріліпті. Қауырт кезеңде қызыл су өңіріміздегі бірқатар селоға қауіп төндірді. Естеріңізде болар. Сол уақытта тасқын Теңдікке де таяп, жолды шайды. Өздеріңіз көргендей, су көлік дөңгелегінің биіктігімен бірдей. Жалпы, 400-ге жақын тұрғыны бар ауылдың болашағы зор. Мұнда әлеуметтік жауапкершілігі жоғары серіктестік еңбек етеді. Қазіргі күні кәсіпорын елді мекеннің гүлденуіне ауқымды үлес қосып отыр.

Құмар Ақсақалов мұны бекерден-бекер сұрап отырған жоқ. Бүгінде мемлекет болашағы зор ауылдарға жәрдемдеседі. Яғни, жол салады, су тартады. Мұндай шаруаны біртіндеп дамып келе жатқан Теңдікте де атқаруға болады. Бірақ, биыл 6 шақырым жөнделмейтін сыңайлы. Бюжет бекітіліп қойыпты. Алайда, облыс әкімі қаржы қарастырып, істі атқару жөнін ойластыратындығын жеткізді. Ал Алексей Завгородний қоғамдық қабылдауға Келлеровка селосынан келіпті. Зейнеткер аймақ басшысына жалғыз Тайынша емес, Ақмола облысына іргелес орналасқан 5 бірдей ауданның мәселесін жеткізді.

Алексей Завгородний – Келлеровка селосының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Біз электр энергиясын “Көкшетау-Энерго” серіктестігінен аламыз. Аталған мекеме соңғы 1 жарым жылда тарифті 3 рет көтерді. Айлық төлем қалтаға айтарлықтай салмақ салады. Сондықтан, өңіріміздегі 5 ауданның “Севказэнерго”-ға қосылғанын қалаймыз. Бұл сұрақтың қаралып жатқанына 20 жылдан асты. Шешілетін түрі жоқ.

Сөйтсек, ақмолалықтар электр энергиясын Екібастұздан сатып алып, өлкеміздегі 5 ауданға сатады екен. Осылайша серіктестік қосымша табыс тауып отырған көрінеді. Ал азаматтың өтінішін орындау үшін қыруар қаржы қажет. Осы орайда айта кетейік, өңірімізде электр энергиясының тарифы көршілес облыстағыдан әлдеқайда төмен. Әрі былтыр қымбаттамай, әжептеуір арзандапты.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– 5 ауданды “Севказэнерго”-ға қосу үшін жаңадан қосымша станциялар салып, магистралдік желілер орнату қажет. Осыдан 10 жыл бұрын есептеу жүргізілді. Сонда бұл істі тындыруға 200 млн теңгеден аса қаржы керек екендігі анықталды.

Облыс әкімі басқарма басшысына мәселені тағы бір зерттеп, ақпарат жинап, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Антонина Литвинова болса Тайыншада көпқабатты үй салынса дейді. Бүгінде мұнда баспана кезегінде 781 адам тұр. Ағайынды баспанамен қамту үшін 2018-де 50 пәтерлік нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленіпті. Оның құны 500 млн теңгеден асады. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов нәзікжандыға бюжеттің бекітілгендігін түсіндіріп, көмек биыл емес, келесі жылы көрсетілуі мүмкін екендігін жеткізді.

Култанов Байболат