Экология

Өңірдегі экология жайы сөз болды

Өңірлік экология департаментіне бензинмен қозғалатын көліктердің түтінін  қыста зерттейтін құрылғы жетіспейді. Былтыр мамандар қаладағы автобустарға 2 мәрте тексеріс жүргізген. Тиісті аспаптың болмауынан дизельмен жүретін темір тұлпарларды ғана қараған екен. Осы және өзге де өзекті жайттар “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінде талқыланды.

Көліктен шығатын түтін қоршаған ортаға зиянын тигізбей қоймайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін былтыр мамандар қаладағы автобустарға тексеріс жүргізген. Бірақ, барлығына емес. Тек дизельді жанармаймен жүретін көліктерді ғана. Бұған себеп ауаға шығатын улы затты тексеретін құрылғы жоқ екен.

Азамат Бектасов – СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

– Құрылғы «дәлдік класы» деп аталады. Ол бізде жоқ. Қазір қолданып жүргеніміз тым ескі. Іске жарамайды. Жаңа аспапты сатып алу үшін өтінім бердік. Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп жатса сатып аламыз.

Сондай-ақ, жиында тұрмыстық қалдықтар жайлы да сөз болды. Былтыр департамент өкілдері қаладағы полигондарға тексеріс жүргізіп, қалдықтарды уақытында дұрыс өңдемегені кәсіпорын басшыларын жауапкершілікке тартыпты. Бүгінде мамандар «Қызылжар-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдерімен бірге қайта талдау жүргізбек. Ескертулерді орындамаған кәсіпорындарға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Азамат Бектасов – СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

– Департаментке әр түрлі арыздар келіп тұрады. Былтырғы жылмен салыстыратын болсақ, ең көп арыздар тұрмыстық қалдықтар төгетін полигонға қатысты келіп түсті. Ол полигон «Қызылжар Тазалық» серістестігіне тиесілі.

Сонымен қатар, өндірістік қалдықтар жайы да сөз болды. Мамандардың айтуынша оларды ашық ауада қалдырмай, бірден көміп тастаған жөн. Ал пластик пен полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеуге жіберу керек.

 

 

Бердимурат Баймухан