Құқық қорғау органдары

Өңірде “Тұрмыс” жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде

Өңірде “Тұрмыс” жедел-алдын алу шарасы өтуде. Оның аясында тәртіп сақшылары рейдтер ұйымдастырып, үй-үйді аралауда. Мұндай істің нәтижесінде соңғы 14 күннің ішінде 1100-ден аса әкімшілік құқық бұзушылық анықталыпты. Ережені елемегендердің арасында ұрыс шығарып, отбасының шырқын бұзғандар да бар.

“Тұрмыс” жедел-алдын алу шарасы кезінде учаскелік инспекторлар 20-шы ықшам ауданының тұрғынын қолға түсірді. Ол еш жерде жұмыс істемеген, бос уақытын ішімдік ішумен өткізген, үнемі үйінде ұрыс шығарған. Жанжалқойдың анасы ұлының іс-әрекеті туралы полицейлерге бірнеше рет хабарлапты. Тиісті шара қолданылған екен. Бірақ, 46 жастағы петропавлдық бұған бой бермей, үйреншікті әдетіне қайта басқан. Нәтижесінде ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол 7 күн қамауға алынбақ. Мүмкін, осындай шара ылаңшыл жанның тәртібін тезге салар.

Зарина Елубаева – қалалық ПБ учаскелік полиция инспекторы:

– Қаңтардың 20-сы күні елімізде “Тұрмыс” жедел-алдын алу шарасы басталды. Оның негізгі мақсаты – қоғамдағы құқық бұзушылықтарды болдырмау, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу. Үнемі жанжал шығаратын маскүнемдерді арнайы есепке қою.

Сөз соңында айта кетейік, “Тұрмыс” жедел-алдын алу іс-шарасы басталғалы өңірімізде 130-дан аса тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркеліпті. Оның 45-і рейдтер мен үй-үйді аралау кезінде мәлім болған. Тағы, 1100-ден аса әкімшілік құқық бұзушылық анықталыпты. Оның басым бөлігін қоғамдық орындарда алкоголдік ішімдік ішу немесе масаң күйде жүру фактілері құрайды. “Тұрмыс” жедел-алдын алу іс-шарасы өңірімізде ақпанның 20-сына дейін жалғаспақ.

Култанов Байболат