Қоғам

Ғимараттардың төбелерінде мұз сүңгілер пайда бола бастады

Облыс орталығындағы ғимараттардың шатырларында мұз сүңгілер пайда бола бастады. Ол еріп немесе желден құлап кетсе, адам өміріне өте қауіпті. Сондықтан, үнемі тазартылып тұруы қажет.

Кейде көктайғақта аяқ астына қарап жүруден бөлек, төбеге де бір сәт көз салған жөн. Өйткені, күн жылығанда шатырдан салбыраған сүңгілер самсайды. Әзірге, көп емес. Бірақ, баршылық. Қазір жауа-жауа жиналған қарды байқауға болады. Енді бір ақ ұлпа түссе морт сынып, төменге құлдилайтындай күйде тұрғандары бар. Ана биіктіктен басқа түссе, шаруа бітті дей бер. Әйтеуір, бұндай жағдайлар соңғы жылдары біздің өңірде тіркелген жоқ.

Бұндай оқыс оқиғалардың салдарын күтпей, алдын алу жайын қарастыру керек. Яғни, ғимараттардың төбелерін уақытында тазалап тұру қажет. Ал бұл іске кім жауапты деген сауалды қалалық әкімдік өкілдеріне қойдық.

Айбек Башенов, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

– Қаланы абаттандыру ережелеріне сәйкес шатырларды қардан тазарту жұмыстарына ПИК төрағалары мен биік ғимараттардың иелері жауапты. Біз оларға жыл сайын тиісті хабарламалар жібереміз. Ескертуді елемегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алдымен ескерту беріледі, егер жағдай түзелмесе айыппұл төлейді.

Негізі, шатырдан сүңгі құлау салдарынан жарақат алу жағдайлары соңғы жылдары біздің өңірде болмаса да өзге аймақтарда тіркелді. Мәселен, былтыр Павлодар қаласында 16 жастағы жасөспірімнің басына шатырдан жарты метрлік сүңгі құлап кеткен. Салдарынан бас миы шайқалып, төбе сүйегі зақымданды. Дәл осындай жағдай осыдан 2 жыл бұрын Алматы қаласында да болған еді. Өкінішке қарай, 60 жастағы әйел сол жерде жан тапсырған.
Сол себепті, оқыс оқиғаларға тап болмас үшін іске жауапты тұлғалар жауапкершілік танытып, тұрғындар қырағылық танытқандары жөн.

– Сүңгілерді байқаған жағдайда ПИК төрайымына хабар береміз. Қызметіне өте жауапкершілікпен қарайды. Бірден тиісті жұмыстарды атқаруға кіріседі.

– Шатырға жиналып қалған қар мен сүңгілерді уақытылы алып отыру керек, себебі төменде ересектер де, балалар да жүреді. Үстіне мұз құлап түссе не болады?

Осы орайда айта кетейік, шатырды қар мен сүңгіден уақытында тазаламағаны үшін жеке тұлғаларға – 20, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК көлеміне дейін айыппұл салынады екен.

 

Актолкын Солтанханкызы