Мәдениет

Қаладағы 7 аялдамаға онлайн кітаптар стенді орнатылды

Аялдамада уақытты босқа өткізбей, кітап оқуға арнаңыз. Бір 2-3 минут болса да оқылған Абайдың терең ойлы, санаға сіңімді сөздері – жастар үшін құнды рухани азық. Қаладағы Иван Шухов атындағы кітапхана ұжымы ерекше бастаманы қолға алды. Мамандар қазір автобус күтетін орындарда ақынның шығармашылығын QR-код арқылы оқуға болатын стендтер орнатуда. Кітапханашылар бұл игі істі Абай көшесінен бастаған.

“Кітап – білім бұлағы” деп текке айтпаса керек. Құнды еңбектер адамға рухани азық беріп, дүниетанымды дамытуға септеседі. Алайда, уақыт өткен сайын кітапханаға келуші оқырмандар саны азаюда. Осыны ескерген мамандар аялдамаларға мынадай стендтерді орнатуда. Енді тұрғындар автобусты күтіп тұрып-ақ, Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерін электронды түрде оқи алады.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Электронды шығармаларды оқу үшін телефоныңызда арнайы бағдарламаңыз болуы керек. Оның көмегімен мынадай QR-кодты сканерден өткізесіз. Міне, дайын. Мен Абайдың қара сөздерін таңдадым.

Діттеген жеріне асыққандықтан ба көбі стендтегі жазуларға көңіл аудара қойған жоқ. Десе де, біраз уақыт өткен соң аялдама маңынан ары-бері өткен жандар жаңашылдыққа қызығушылық танытты.

– Абайдың туындыларын адамға рухани азық береді. Мен өзім оның қара сөздерін оқығанды ұнатамын.

– Электронды кітаптарды оқу бізге ыңғайлы. Маған осындай кітаптарды оқыған ұнайды.

Бүгінде И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапхана қорындағы Абайдың қара сөздері мен өлеңдері цифрландырылып жатыр. Мамандар, әзірге, 30-ға жуық туындының электронды нұсқасын дайындап үлгерген.

Татьяна Фомина – И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасының бас кітапханашысы:

– Қазір электронды кітаптарға сұраныс айтарлықтай жоғары. Көбі кітапханаға келіп уақыт жоғалтқысы келмейді. Сүйікті авторларының еңбектерін онлайн түрде оқиды. Осылайша, біз де қордағы туындыларды цифрлауға көштік. Енді шығармаларды арнайы сайттан телефонға немесе компьютерге жүктеп алуға болады.

Қазіргі күні мұндай стендтер Абай көшесі бойындағы 7 аялдамаға ғана орнатылған. Алдағы уақытта олардың санын тағы 30-ға көбейту жоспарланып отыр.

 

 

 

Маржан Касымбек