Денсаулық сақтау

Ақпанның 4-і – Дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күні

Ақпанның 4-і – Дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күні. Дертке қарсы тұрып, оны жеңуге тырысып жүргендердің арасында 10 мың жерлесіміз бар. Обырға шалдыққандардың 2 мыңы 2019 жылы есепке қойылыпты.

Экологияның нашарлығы, тұқым қуалайтын аурулар мен зиянды әдеттер. Осы және өзге де факторлар бүгінде адам денсаулығына теріс әсерін тигізуде. Жылдан-жылға қатерлі ісікке шалдығатындардың саны артатыны да сондықтан. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес қазір аталған дертпен дүниежүзінде 35 млн-дай адам күресуде. 12 айдың ішінде олардың 10 млн-ы онкологияның құрбанына айналуда. Қазақстандағы жағдай да мәз емес. Қазір әрбір жүзінші отандасымызға қатерлі ісік диагнозы қойылған. Күнделікті қарсы тұрып, оны жеңуге тырысып жүргендердің арасында 10 мың теріскейлік те бар.

Олег Дудяк – “Облыстық аурухана” ШЖҚ КМК онкологиялық блогының жетекшісі:

– Былтыр қатерлі ісікке шалдыққан 1974 адам есепке алынды. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 174 науқасқа көп. Әйтеуір, басым бөлігінде обырдың 1-ші немесе 2-ші сатысы тіркелген. Яғни тұрғындар бүгінде денсаулықтарына көбірек көңіл бөледі. Қарапайым тексерістер мен скринингтен өтеді.

Алайда, қатерлі ісік 3-4-ші сатыға жеткен жағдайлар да аз емес. Науқастар ауруға мән бермей, соңына дейін созып жүрген көрінеді. Кей жағдайларда обыр тез дамып, жағдай ушығып кеткен. Мұндай адамдарға көмек көрсету де қиынырақ дейді мамандар. Жалпы, дерт науқастарды жас ерекшелігіне қарап таңдамайды. Сондықтан, ақ халаттылар денсаулық сыр берсе, міндетті түрде дәрігер қарауына бару қажеттігін айтуда. Бұдан бөлек, жоспарлы тексерістерге де қолды бір сілтеуге болмайды.

Олег Дудяк – “Облыстық аурухана” ШЖҚ КМК онкологиялық блогының жетекшісі:

– Бүгінде өңірімізде ең жиі кездесетін обырдың түрі – өкпе рагы. 2019 жылы дәл осы қатерлі ісікке шалдыққан 245 адам есепке қойылды. Біздің аймақтағы ауа райы суық болғандықтан, тұрғындар жиі тұмауратып ауырады. Кейін ол бронхитке ұласып, уақыт өте келе өкпе обырына айналуы мүмкін. Темекі шегіп, ағзасына зақым келтіретіндер тағы бар. Екінші орында – терінің қатерлі ісігі. Бұл егде жастағы қарияларда жиі кездесетін ауру.

Жиі кездесетін қатерлі ісіктердің тағы бірі – сүт безі обыры. Бүгінде дәл осы дертке 2 мың солтүстікқазақстандық әйел шалдыққан. Індет, әсіресе, жасы ұлғайған нәзікжандыларға қауіп төндіреді екен. Сондықтан, елімізде тегін скрининг ұйымдастырылған. Бақылаудың көмегімен сүт безі, жатыр мойны және колоректалды обырды ерте кезеңінде анықтауға мүмкіндік бар.

 

 

 

Эльмира Садвокасова