Ауа райы

Ақпандағы ауа райы

Енді ауа райына кезек берсек. Көзді ашып-жұмғанша қыстың соңғы айы да келіп жетті. Казгидромет мамандарының болжамы бойынша ақпандағы орташа айлық ауа температурасы -13-15 градус шамасында болмақ. Бұл нормадан 1 градусқа жоғары.

Дана Сәлімқызы –тілші:

– Ақпан қазақтың ақ-ықпа, яғни, боран деген сөзінен шыққан. Бұл – қыстың ең суық әрі ақтүтек боранды кезеңі. Дегенмен, биылғы ақпан солтүстікқазақстандықтар үшін жайлы басталды. Далада аяз аса сезілмейді. Ауа райы серуендеуге өте қолайлы.

Орталық алаңда бірі құстарды қоректендіріп жатса, енді бірі таза ауа жұтып, балаларымен серуендеп жүр. Солардың бірі – Людмила Чеснокова. Зейнеткер 6 жасар немересі Дашаны мұз қалашығына ертіп келген.

Людмила Чеснокова – қала тұрғыны:

 – Бүгін ауа райы жақсы екен. Соны пайдаланып немереммен серуендеуге шықтық. Жалпы, биылғы қыс өте жылы болды.

Жалпы, солтүстікқазақстандықтардың қыс мезгіліне деген көзқарастары түрліше. Бірі көктемді аңсаса, екіншілері қыспен қоштасқылары келмейді екен.

– Биылғы қыс жылы болды. Бірақ, барлығымыз көктемді күтіп жүрміз.

 – Қыс жақсы өтіп жатыр. Әлі бола тұрса ғой деп ойлаймын. Себебі, аңшылыққа қыс мезгілі қолайлы.

Ауа райын болжау орталығы мамандарының айтуынша ақпанның бірінші мен екінші онкүндігі жайма-шуақты күндерімен есте қалмақ. Ал 20-сынан кейін қыс қытымыр мінез танытпақ. Ауа температурасы түнде минус 20-25 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде.

Гүлзат Ғазизова, “Қазгидромет” РММ СҚОФ метеоболжам бөлімінің басшысы:

– Үшінші онкүндіктің бірінші жартысында ауа температурасы түнде 12-17, кей жерлерде 22 градус аяздан – 17-22, кей жерлерде 27 градус аязға дейін, күндіз 7-12, кей жерлерде 2 градус аяздан – 12-17, кей жерлерде 7 градус аязға дейін төмендейді.

Ақпан айындағы жауын-шашын шамадан тыс түсетін көрінеді. Кей жерлерде қалың қар жауып, бұрқасын көтерілуі мүмкін.

Айта кетейік, өңірде ең аязды ақпан айы 1951 жылы тіркеліпті. Онда сынап бағанасы -42 градусқа дейін төмендеген екен. Ал 2016 жылғы ақпанда ауа температурасы +7 градусқа дейін көтерілген.

 

Ешкенова Дана