Құқық қорғау органдары

Жыл басынан бері қалада жол-көлік апатынан 4 адам зардап шекті

Петропавлда жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларының салдарынан 4 адам зардап шеккен. Соңғы жағдай өткен аптада тіркелді.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

-Жамбыл Жабаев пен Бөкетов көшелерінің қиылысы. Таңертең де, түсте де, кешке де мұндағы машиналардың қозғалысы – аса белсенді. Апта сайын жол көлік апаттарының дәл осы жерде орын алатыны да сондықтан. Соңғы факті жұма күні, қаңтардың 31-і тіркелді.

Шәмшиден Ақышов – Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары:

– Жабаев пен Бөкетов көшесінің қиылысында ВАЗ автокөлігі оңға бұрылып жатып, қарсы бағытта келе жатқан Мерседесті өткізбеген. Мерседес соғылмас үшін оңға бұрылып кетіп, тротуарда тұрған жаяу жүргіншіні соқты.

Мерседесті тізгіндеген нәзікжанды машинасын жол жиегінде тұрған “Тойотамен” соқтығысқанда тоқтата алған. Темір тұлпардың жарасы жеңіл ғой. Барлығын алаңдататыны – тротуарда бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрған азаматтың жағдайы. Оқиға орын алғаннан кейін ол бірден 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімшесіне жеткізіліпті. Жігіттің жолы болған екен дейді ақ халаттылар. Қаққан көліктің үстінен ұшып түскен қала тұрғыны жарты сағат өтер-өтпестен үйіне жіберілген.

Валерий Грибашов – 3-ші қалалық ауруханың жарақат зардабын емдеу пунктінің меңгерушісі:

– Жарақат зардабын емдеу пунктіне жеткізілгеннен кейін науқасқа бірден рентген жасадық. Екі аяғы мен денесі жараланыпты. Абырой болғанда еш жері сынған жоқ. Алдағы уақытта емді үйде қабылдайтын болады.

Қазір жол көлік апатына қатысы бар екі машина айып тұрағына қойылған. Әкімшілік хаттама толтырылып, іс соттың қарауына жіберілді. Жүргізушілерге тағайындалатын жаза әзірге белгісіз. Анығы бір – кінә қарсы бетте келе жатқан көлікті өткізбеген ВАЗ-дың иесінде.

 

Эльмира Садвокасова