Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызыл су келе қалса дайынбыз ба?

2017-нің тасқыны биыл қайталана ма? Құтқарушылар болжам жасауға әлі ерте дейді. Алайда, қыста молынан жауған қардың  еруі  Есіл мен өзге де өзен-көлдердің тасуына әкеп соқтыруы ғажап емес. Мамандар бөгеттерді нығыздап, техникаларын ертерек сайлап жатыр. Көктем келсе болды, теріскейліктер жылма-жыл жандарын шүберекке түйеді. Сондықтан, қауырт кезеңге дайындық мәселесін облыстық прокуратура назарға алған.

Саят Ермек – тілші:

– Тасқын су келе ме, жоқ па? Жыл сайын жергілікті билікті де, жұртшылықты да, журналистерді де, құтқарушыларды да алаңдататын сұрақ. Ал 2020-ның көктемінен не күту керек? Мамандардың сөзінше, биыл өлкеде қар нормадан – 1,5, кей жерлерде, тіпті 2 есеге көп жауған. Алайда, 30-40 градустық қытымыр аяздар болмағандықтан, жер қабаты аса қалың болып қата қоймаған. Бұл еріген қар суының жерге тез сіңіп кетуіне септеспек.

Бірақ, апаттың айтып келмейтінін біз жақсы білеміз. Болжам құруға әлі ерте. Біраз дүние күн райының көктемде көрсетер мінезіне де байланысты.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Бірден күннің жылып кетуі, болмаса күндіз және түнде ауа температурасының “+” болуы, сонымен қатар жауын-шашынның түсуі. Өздеріңіз білесіздер, егер көктемде қар емес, жаңбыр жауатын болса, қардың еруі ұлғайып, тездейді.

Ақмола мен Қарағанды облыстарындағы жағдайға да тәуелді теріскей, мұны да ұмытуға болмайды. Бұл қос өлкеде қар биыл бізден де көп жауды. Ең басты қауіп – “Сілеті” су қоймасы. Қаратал мен Қулыкөлдегі былтырғы ахуал естеріңізде болар. 200 үй, мыңнан астам адам қызыл су астында қала жаздап еді ғой.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Ауа-райының күрт жылып кетуіне байланысты біз бір ай көлемінде келуі тиіс суды бір күнде қабылдадық. Сілеті су қоймасынан 3 күннің ішінде өте көп су тасталды. Екі елді мекеннің бір де бір үйін суға батырмай қорғап қалу мүмкіншілігі болды.

Қорғап қалдық, абырой болғанда. Негізі, дамбалар, бөгет-тоғандар мен су қоймаларының өлкедегі жалпы саны – 22. 8-і апаттық жағдайда тұр. Бірі – манағы Сілеті бойындағы “Сегізкөз” плотинасы. 2018-де ол бюджет ақшасына күрделі жөнделіп еді. Бірақ, былтырғы су толқынына шыдас бермеді.

Самат Темірбаев – СҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры:

– Қазіргі таңда нысан апаттық жағдайда тұр. Плотина 100 млн теңгеге қалыпқа келтірілген, бірақ 2019-дың көктемінде су ағызатын 8 желінің 3-уі істен шыққан. Бүгінде Уәлиханов ауданының әкімдігі мен жөндеу жүргізген компания соттасып жатыр. Мердігер жұмысты сапасыз атқарды деген болжам бар.

Иә, өңірлік прокуратура көктемгі қауырт маусымға дайындық барысын бақылауына алған биыл. Қадағалаушы орган жауапты тұлғалардың салғырттығы мен материалдық базаның шалағайлығы – біздің осал тұсымыз деп отыр. Негізі, 92 елді мекенді тасқын басу қаупі бар биыл. Өткен жылғы қателіктерді ескеріп, ТЖД қазірден әзірлікті пысықтап әлек. Мамандар не істеу керектігін біле ме, техника дайын ба және ең басты сұрақ – сол техника саны жеткілікті ме?

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қазіргі таңда департаменттің 264 адамнан құралған жеке құрамы бар. 50 техника, 8 жүзу құралы және 72 су сорғыш құралдарымен қамтамасыз етілгенбіз. былтырғы жылы жаңакдан берілген техника есепке қойылып жатыр. Биыл күш пен құралдардың көмегі тағы да артады.

Құтқарушылар кез келген сценарийге дайынбыз дейді. Қазір ауыл-қалалардан артық қар шығарылып жатыр. Бір ғана Петропавлдың өзінен бүгінге дейін ақ ұлпаның 500 мың текше метрі шығарылған. Одан қалды, өзен-көлдердегі мұзды жару да басталады көп кешікпей. Қызыл су келе қалып, оны ауыздықтауға өзіміз үлгермей жатқанның өзінде көрші облыстардың құтқарушылары көмекке сақадай сай отырса керек. 2017-нің тасқыны мен келтірген зардабы әлі есімізде. Мамандар биыл да сондай ауқымды топан су қаупі барын жасырмады. Бәрі – уақыттың еншісінде. Департамент наурыздың 20-сы күшейтілген жұмыс тәртібіне көшуді жоспарлап отыр.

 

 

 

 

Саят Ермек