МТРА жаңалықтары

Тайынша ауданының әкімі есеп берді

Алтайдың ар жағынан атажұртқа қоныс аударған қандасымыз азаматтығын ала алмай жүр. Өңірімізге Бейсен Жәнәбілұлы жарты жыл бұрын Қытайдан келіпті. Бірақ, әлі күнге дейін тиісті құжаттары қолына тимеген. Осы және өзге де өзекті мәселелер Тайынша ауданының әкімі Иван Турковтың қорытынды есептік кездесуінде көтерілді.

Есептік жиын аудан әкімі Иван Турковтың баяндамасынан басталды. Айтуынша былтыр Тайыншаға бұрын-соңды болмаған инвестиция тартылыпты. Құйылған сома 22 млрд теңгеге жуықтайды. Қыруар қаржының арқасында біраз шаруа тындырылған екен: бірнеше өндіріс ошағы ашылған, кейбір кәсіпорындардың тамырына қайтадан қан жүгірген. Ауданда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы да сәтті орындалып жатыр.

Иван Турков – Тайынша ауданының әкімі:

– Ауданда мүлде пайдаланылмай келген немесе тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2019 жылы 27 агроқұрылым тексерілді. Нәтижесінде 70 мың гектарға жуық алқапқа иелік ететін 21 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс мемлекеттік кірістер органдарына жіберілді. Тағы, 2 фирмаға тиесілі 3 мың гектардан аса жер сот шешімімен Үкіметке берілді.

Былтыр Тайыншада 7 мектеп күрделі жөндеу көрген. Қазір ауданда апаттық деп танылған 2 білім ұясы бар. Оның бірі – Тайынша қаласында. Биыл бұл нысан түпкілікті сүріліп, орнына 600 балаға шақталған оқу ошағы салынбақ. Тағы, Вишневка селосында жаңа мектеп бой көтереді. Сонымен қатар, бірқатар ауылдардың арасындағы жолдар да жөнделеді, Тайыншада 50 пәтерлік үй тұрғызылады. Баяндама тыңдалғасын, кезек сұрақ-жауапқа келді.

Дегенбай Мұхамбетқалиев – Тайынша қаласының тұрғыны:

– Бізге неге пай берілмей жатыр? Бұл мәселе жылда көтеріледі. Шешілетін түрі бар ма?

Ақсақалға, сонымен қатар өзге де тайыншалықтарға пайды “Әліби-Астық” серіктестігі беруі керек. Бірақ, бұл компания өткен жылы шығынға ұшырап, алқаптарға дән сеппеген.

Иван Турков – Тайынша ауданының әкімі:

– Былтыр шығынға ұшыраған агроқұрылымның орнына “Тамыз инвест” атты серіктестік дән септі. Техникалық тұрғыда бұл кәсіпорын пай бермеуі қажет болатын. Бірақ, енді үлестіретін болып шешілді. Осы аптадан бастап өздеріңізге тиесілі кіріске қол жеткізесіздер.

Жиында Бейсен Жәнәбілұлы да сөз алды. Ол өткен жылдың тамыз айында Қытайдан қоныс аударыпты. Азаматты 2 мәселе толғындырады.

Бейсен Жәнәбілұлы:

– Азаматтық ала алмағалы жарты жылдан асты. Осы мәселені шешіп берулеріңізді сұраймын. Тағы, ауыл шаруашылығымен айналыспақ ойымыз бар. Мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі?

Атажұртқа қоныс аударған Бейсен Жәнәбілұлының тиісті құжаттары бар. Ешқандай заңбұзушылық орын алмаған. Мұндай жағдайда 2 айда азаматтық беріледі екен. Бірақ, іс ұзаққа созылып кеткен. Облыс әкімі сұрақты жеке бақылауына алды. Алдағы уақытта мәселені зерттеп, жағдайды күрделендіргендер болса, жазалайтындығын да жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мен сіздің мәселеңізді қараймын. Себепсіз бюрократия болса, мен шара қолданатын боламын. Азаматтарды осы жерге шақырғаннан кейін тез арада құжаттарды беру керекпіз.

Мемлекет қолдауымен кәсіп бастау бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Көлбаев жауап берді. Жауап берді деу қиын. Шенеуніктің тілімен әзер сөйледі. Қандай бағдарлама, қандай көмек, түсіну өте қиын. Құмар Ақсақалов ақ жағалы қызметкерге терминдерден арылып, мәселені қарапайым жеткізуді қатаң тапсырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жалпы, мемлекетімізде неше түрлі бағдарламалар бар. Сол бағдарламалар арқылы бизнеспен айналысуға болады.

Жиынды облыс әкімі қорытындылады. Өңір жетекшісі аймағымыздың даму көрсеткіштеріне тоқталып, Тайынша ауданының басшысы Иван Турковқа бірқатар тапсырма жүктеді. Әсіресе, агроқұрылым басшыларының әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды жүктеді.

 

 

Култанов Байболат