Қоғам

ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінде 180-ге жуық сарбаз ант қабылдады

Еліме адал қызмет етемін! Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінде ант қабылдау рәсімі өтті. Қысқы шақырылымда келген 180-ге жуық жігіт борышын абыроймен өтеуге серт берді. Шараға жауынгерлердің ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.

Туған өлке, тарихи мекенді сүю – ақылдың емес, жүректің ісі. Мұндай қастерлі ұғымды сайдың тасындай тізіліп, бой түзеп келе жатқан жігіттер жақсы біледі.

Отанды көздің қарашығындай сақтау – абыройлы іс. Жауапты міндетті орындауға жігіттердің дайын екендіктерін жалынды көздерінен байқауға болады. Олар бірер сәттен соң ант қабылдап, жауынгер атанады.

Серікбай Аманжолов – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің жауынгері:

– Түркістан облысы Мақтаарал ауданынан келдім. 11 сыныпты бітірген соң колледге оқуға түстім.

Перзенттерін жауапты күнде қолдап, сағынышын басу мақсатында ата-аналары алыстан ат терлетіп келіпті. Ант қабылдау рәсіміне келгендерге қыстың қытымыр аязы да кедергі келтіре алмағандай. Жаңабай Төлепов Түркістан қаласынан арнайы ат басын бұрған. Алпысты алқымдаған ағамыз ұлының болашағынан үлкен үміт күтеді.

Жаңабай Төлепов – ата-ана:

– Менің 1 ұл 5 қызым бар. Балам – үйдің кенжесі. Еліне адал қызмет ететін азамат болсын.

Ақмола, Түркістан, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстары. 6637 әскери бөлімінде еліміздің 8 аймағынан жиылған жігіттер борыштарын өтемекші. Олар 40 күн оқу-жаттығуларға қатысады. Дайындықтан өткен соң қоғамдық тәртіпті сақтау үшін күнде қаланы патрульдеуге шығатын болады.

Рәсімнен соң, әдет бойынша әскери бөлімнің қызметкерлері ата-аналармен тілдеседі. Оларды қызықтырған сұрақтарға жауап береді, жауынгерлердің енді темірдей тәртіпке бағынатындықтарын ескертеді. Сондай-ақ, жыл бойы сарбаздарға жүктелетін абыройлы міндеттер жайлы айтады.
Айта кеткен жөн, шарада 180-ге жуық жауынгер ант қабылдады. Сарбаздар үйлеріне 11 айдан соң оралады.

Маржан Касымбек