Қоғам

Колледж студенттері тыл еңбеккерін мерейтойымен құттықтады

Білім беру үздігі, тыл еңбеккері мен қолы алтын мүсінші. Ақпанның 1-і жерлесіміз Владимир Гачинский 90 жасқа толды. Қария кезінде 17 жыл бойы Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде ағаш ұсталарын дайындаған.

Владимир Гачинский үшін бүгінгі күн шынымен де ерекше. Көпті көрген қария жанұясы мен достарының ортасында 90 жылдық мерейтойын қарсы алуда. Туған күн иесін / кезінде өзі 17 жыл жұмыс істеген колледж студенттері де құттықтай келіпті. Дәстүрлі тілектерден бөлек, жастар зейнеткерге бірнеше музыкалық сый да әзірлеген екен.

Олег Митяевтің әнінен кейін, студенттер қарияның сұрауы бойынша “Катюшаны” орындады. Мерейтой иесі туындының алғашқы ноталарынан-ақ, сол бір 40-шы жылдарға қайта оралғандай болды. Ұлы Отан соғысы Владимир Ивановичтің өмірінде де жазылмас жара қалдырған. Сталиндік саясаттың кесірінен ол ата-анасынан айырылды, кейін қан майдан басталып, ойын мен күлкіні мүлдем ұмытты. Осылайша, 12 жастағы бала ерте есейіп, тағдырдың жазған ыстық-суығына мойымай, төтеп беруді үйренді.

Владимир Гачинский, тыл еңбеккері, мүсінші:

– «Березовский» пионер лагерінде 120 бала болдық. Ол Түмен облысында орналасты. Мұнда тек жазғы үйлер болатын. Суық түскенде баспаналарды қамыспен жылыттық. Колхоз жұмысына да тартылдық. 12 жасымнан егістік алқабында еңбектендік. Ер азаматтардың барлығы соғыста болғандықтан, ауыр жұмыс бізге жүктелді.

44-ші жылы Владимир Ивановичті әжесі Украинаға алып кетеді. Дәл сол елде олар көптен күткен Ұлы Жеңісті қарсы алды, қайта бейбіт өмірдің дәмін сезе бастайды. Мектеп бітіріп, мамандық иесі атанғаннан кейін Владимир Гачинскийдің жолы Қазақстанға түсіпті. Тың игеру жылдарындағы нәтижелі еңбегінің арқасында ол Қазақ Советтік Социалистік Республикасының үздік комбайншысы да атанды. Өнерде де ол үздіктердің қатарында болды.

Владимир Гачинский, тыл еңбеккері, мүсінші:

– Мен 11 жасымда алғаш рет мүсіндеу бойынша байқауға қатыстым. Сайыста жеңіске жеттім. Маған қымбат, әп-әдемі пальто сыйлады. Бірақ, түсі тым ашық болды. Кезінде балалар үйіндегі болғанда мені “тотықұс” деп мазақтай ма деп ойлап, лақтырып тастауыма тура келді.

Ағаш ою ісі негізгі кәсібіне айналғанда Владимир Иванович бірден көптің назарына ілінді. Азаматтың көрмелері бірінен соң бірі ұйымдастырылған екен. Шараларға жаңа туынды апару үшін ол бар уақытын шеберханада өткізген. Бірақ, кейде қолыма алған материалдардан сәтсіз дүниелер де шығып жатты дейді қария. Ал Мағжан Жұмабаевтың бюсті – керісінше ең сәтті жұмыстарының бірі. Оны Владимир Гачинский ешбір сызбасыз әзірлепті.

Владимир Гачинский, тыл еңбеккері, мүсінші:

– Мағжан Жұмабаевты барлығы қазақтың Пушкині мен сымбатты Есенині деп атаған. Мен сондай теңеуді газеттердің бірінде кездестірдім. Тарих беттерінде дәл осылай қалғандықтан, оның мүсінін әдемі қылып жасадым.

Владимир Гачинскийдің зайыбы Людмила Ивановнамен отасқандарына биыл 65 жыл толыпты. Қариялар бүгінде балаларынан 5 немере мен 4 шөбере сүйіп отыр.

 

 

Актолкын Солтанханкызы