МәдениетҚоғам

Ел тілегі – жарқын болашақ

Ел тілегі – жарқын болашақ. Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздері өскелең ұрпақтың бойына рухани нәр сіңіріп, ұлттық тәрбиемен сусындатады. Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушылары сахна төрінде біртуар тұлғаның өмірінен қойылым көрсетіп, шығармаларынан үзінді оқыды.

Абайдың жастық шағы мен өмір жолы. Талантты жастар сахнада ұлы ақынымыздың өмірбаянынан қойылым көрсетіп жатыр. Мәселен, мына бір көріністе Абай мен оның алғашқы махаббаты Тоғжан екеуінің арасындағы ғашықтық кез суреттелуде. Серуендеп жүрген бозбала бұрымдыға сөз салып сезімін білдіреді. Алайда, Тоғжанның тілегін тұсап, сыртынан атастырған болашақ күйеуі бар болып шығады. Сондықтан, екі жас әке-шешенің бұйрығынан асып кете алмай мәңгілікке айрылады.

Ал мына жерде Үміт есімді қыз Абайдың бәйбішесі Ділдәнің рөлін сомдауда. Жеткіншектің айтуынша әр жас, әр мектеп оқушысы ұлы ақынымыздың өлеңдері мен қара сөздерін жаттап өсуі тиіс. Өйткені, Абайдың ойлы шығармалары өскелең ұрпақтың бойына рухани нәр сіңіріп, ұлттық тәрбиемен сусындатады.

Үміт Жұмағұл – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

– Абайдың қара сөздері мен өлеңдері өте терең мағыналы және жүрек тебірентерлік, терең ойға жетелейді.

Ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбаевты бүкіл әлем таниды. Осындай ұлы тұлғаның рөлін сомдау да үлкен жауапкершілік емес пе? Оқушылардың актерлік шеберліктері болмаса да сахналық қойылымды жүрекпен жеткізе білді. Жиналған жұрт көріністі тамашалай отырып ұл-қыздардың өнерлеріне тәнті болды.

Күләш Алғожина – ардагер ұстаз:

 – Өте дарынды балалар екен. Дауыстары да, зеректігі де көрініп тұр. Әрқашанда биіктен көріне берсін.

Сондай-ақ, балалар сахна төрінде Абай атамыздың шығармаларынан үзінді оқып, ән шырқап, күмбірлетіп күй тартты. Жалпы, шараға 100-ден аса мектеп оқушысы мен қаланың шығармашылық ұжымдары қатысты.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан