МТРА жаңалықтарыҚоғам

“7-20-25” бағдарламасының жүзеге асырылуы

Несиелік тарихтың нашарлығы мен табыстың аздығы. “7-20-25” бағдарламасы бойынша баспана алуда әдетте осы кедергі келтіреді.

Осыдан екі жыл бұрын елімізде “7-20-25” бағдарламасы іске қосылған болатын. Тиімді әрі қолжетімді деген бағдарламаға алғашында сұраныс көп болыпты. Сарапшылардың айтуынша қазір жағдай өзгерген. Себебі, біздің өңірдің өзінде аталған бағдарлама аясында өтініш білдіретіндердің саны азайған.

Вадим Мусин – “Nur Otan” партиясы СҚОФ партиялық бақылау комиссиясының мүшесі:

– Өңірде өткен жылы үй алуға үмітті 760 адам 5,3 млрд теңге сома көлемінде өтініш білдіріпті. Серіктес 6 банк оның 504-ін ғана мақұлдап, 3,5 млрд теңге несие берген.

Айта кетейік, аталған бағдарлама бойынша ипотекалық заемдарды тұрғындар екінші деңгейлі банктерден ала алады. Ипотекалық бағдарламаға өтініштерді 6 банк қабылдайды. Бірақ, барлығына ортақ талапты орындау көпшілігі үшін оңай емес дейді жиынға қатысушылар. Әрі облыс аумағында тиісті ақпараттық-түсіндіру шаралары сылбыр жүргізіліп жатқан көрінеді.

Ержан Баженов – “Nur Otan” партиясы қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі:

– Менің ойымша, бұл бағдарламаға қатысқысы келетіндер баршылық. Әсіресе, аз табысты тұрғындар арасында баспанаға деген сұраныс едәуір жоғары. Бірақ, біразы қойылған талаптардың барлығын бірдей орындай алмайды. Мәселен, көбі ақша жинауға шамалары жетпегендіктен бастапқы жарнаны төлей алмай жатады. Сол себепті, бағдарламаның шарттарын сәл жұмсартса жақсы болар еді.

Бүгінде “7-20-25” мемлекеттік бағдарламасы бойынша Петропавлда бірнеше көпқабатты үй салынып жатыр. Ондағы әр шаршы метрінің құны – 200 мың теңге. Сонда шамамен бір бөлмелі пәтер 9 млн теңге тұрады.

 

 

Ешкенова Дана