МТРА жаңалықтары

Жемқорлық жайлы хабарлаған азаматқа ақшалай сыйақы беріледі

Былтыр Қазақстанда осынша жемқорлық фактісі тіркелген. Бұл туралы бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кеңейтілген алқа отырысында мәлім болды. Сондай-ақ, парақорлық жайлы хабарлаған азаматтарға ақшалай сыйақы беру форматы өзгертіліп, сомасы өсті. Жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов та сөз алып, өлкеде қоғамдық індетке қарсы жүргізілген күрес нәтижелерін баян етті.

Елорда. Тәуелсіздік сарайы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кеңейтілген алқа отырысы Гимн орындаудан басталды. Бұл шақта Петропавлдағы “Антикор” орталығында солтүстікқазақстандық атқамінерлер мен қоғам белсенділері де тік тұр. Жиынды тек теріскей ғана емес, еліміздің барлық өңірлері онлайн режимде тамашалады.

Сонымен, ахуал қандай? 2019-да елде сыбайлас жемқорлық бойынша 1700-ден астам қылмыстың беті ашылған. Тең жартысы – пара. 1002 адам сотталған, мемлекетке келтірілген 24 млрд теңге шығынның 22-сі қазынаға қайтарылған. Ең қызығы, сотталғандардың 7-уі – фемида өкілдері, яғни судьялар, тағы 4 судьяның ісі қаралып жатыр. Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтің сөзінше, Қазақстан қоғам кеселімен күрес бағытын түпкілікті өзгертті. Біз “сталиндік” әдістерден бас тартуымыз керек деп санайды төраға.

Алик Шпекбаев – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Жемқорлықтың салдарымен күресу, яғни парақорларды тек қатаң жазалау әдісі нәтиже бермеді. Сондықтан, қорқыныш ұялату керек деген пікірді мен қате деп санаймын. Парасатты қоғам мен жемқорлыққа төзбеушілікті тек конструктивті диалог пен нәтижелі әріптестік арқылы ғана қалыптастыруға болады.

Сол себепті, қазір елде “Адалдық алаңы” жобасы жүзеге асуда. Ол парақорлықпен күреске қатардағы азаматтарды тартуға бағытталған. Мәселен, жемқорлық фактісі туралы агенттікке хабар берген азаматқа ақшалай сыйақы беру форматы өзгертілді. Үкімет осындай қаулы қабылдады.

Алик Шпекбаев – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы 25 минута:

– Парақорлық туралы мәлімдеген азаматқа қылмыскерге қатысты сот үкімі шыққаннан кейін пара сомасының кем дегенде 10 пайызы сыйақы ретінде төленетін болады. Сыйақының максималды мөлшері – 10 млн 600 мың теңге.

2019-да жаңа заң да қабылданды. Енді қарамағындағы қызметкер пара алып, басы істі болса, тікелей басшысы 10 күн ішінде креслосын босатуға міндетті. Осының арқасында мемлекеттік органдардағы жемқорлық фактілерінің саны бірден емес, уақыт өте келе қысқаруы тиіс. Десе де, парақорлық деңгейі ең жоғары салалардың тізімі өзгерген жоқ – сол баяғы білім беру, медицина, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары. Жағдайды тек мемлекеттік сатып алулар мен қызметтерді толықтай электрондық форматқа ауыстыру ғана түзетеді. Бірақ, 100 пайызға әлі жете алмай жатырмыз.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Әлі күнге дейін мемлекеттік қызметтердің 19 пайызы қағаз түрінде көрсетіледі. Көбі – жер қатынастары, архитектура және құрылыс саласында. Рұқсат беру және лицензиялау жүргізілгенде мемлекеттік қызметші мен бизнесмен не азамат арасында тікелей қарым-қатынас көзделуде. Егер де бұл қызметтер ХҚКО арқылы жүзеге асырылса, бұл толығымен жемқорлық тәуекелдерін жояды.

Бұл жайлы елордадағы алқа отырысында да айтылды. Мінберден министрлер, қоғам белсенділері кезек-кезек сөз алып, қоғам кеселімен күресте кетіп жатқан қателіктерді жіпке тізді, оларды түзету механизмдерін ұсынып жатты. Солтүстік Қазақстанда атқарылған шаруаны облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– “Transparency Kazakhstan” және кәсіпкерлер палатасының тапсырысымен жүргізілген зерттеулер СҚО – жемқорлықты қабылдау деңгейі төмен өңір екенін нақтылап отыр. Жүргізілген жұмыс облыстың экономикалық көрсеткіштерінде оң нәтиже берді. Алдымен, біздің өңірге деген инвесторлардың қызығушылығы артып, облыс экономикасына қаржы салуға даяр кәсіпкерлердің қатары көбейді. Екіншіден, шағын және орта бизнес субъектілері 3,8 процентке өсіп, салықтардың 58 пайызы бизнес тарапынан төленді.

Ал “Transparency International” халықаралық ұйымының зерттеу нәтижелері мынадай: жемқорлықты қабылдау индексі бойынша өткен жылы Қазақстан 180 елдің ішінде 113-ші орынға тұрақтаған. Салыстырар болсақ, 2018-де 124-ші орынды қанағат тұтқан едік. Яғни, жүргізіліп жатқан саясат нәтиже беруде.

Саят Ермек