МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданының әкімі есеп берді

Биыл Қызылжар ауданында 5 қабатты  2 үй салынады. Құрылысы аяқталған соң жаңа баспананың кілті кезекте тұрған көпбалалы аналар мен жас дәрігерлерге табыс етіледі. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша Бәйтерек ауылында балабақша мен мәдениет үйін салу жоспарланып отыр. Бұл жайлы бүгін халық алдында есеп берген Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов баяндады.

Қызылжар ауданында соңғы 12 айда қандай іс тындырылды? Аудан әкімі Жанат Сәдуақасов осы мерзімде атқарылған шаруаларға ғана тоқталмай, жоспарларды да жіпке тізді. Айтуынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқын алып келеді. Былтырдың өзінде ауыл шаруашылығы саласына 13 млрд теңге инвестиция тартылыпты.

Жанат Сәдуақасов – Қызылжар ауданының әкімі:

– Өткен жылы біз майлы және дәнді дақылдардың егістік алқабын 5,7 мың гектарға ұлғайттық. «Солтүстік соясы» бағдарламасы шеңберінде 0,4 мың гектарға соя егілді. Сондай-ақ, минералдық тыңайтқыштарды өткен жылдарға қарағанда 22 пайызға көп пайдаландық. Осы жұмыстардың нәтижесінде диқандар 129,6 мың гектар егістік алқаптан 295 мың тонна астық жинады.

Мұндай жоғары жетістікке қол жеткізудің бірден-бір себебі – бұл заманауи технологияларды пайдалану және техника паркін толықтыру деді аудан әкімі. Былтыр жаңа комбайндар мен тракторлардың 70-і қатарға қосылған.

Ауданда сүтті және етті бағыттағы мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі күні мұнда сүт шығаратын 7 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, былтыр еуропадан 1300 бас асыл тұқымды мал әкелініпті.

Жанат Сәдуақасов – Қызылжар ауданының әкімі:

– Өткен жылы 2 сүт-тауарлы кешен бой көтерді. Заманауи ет-сүт кешендерінің құрылысы бойынша тағы 4 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз. Бұл шаруа жаңа қызмет орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға септігін тигізеді.

Ал өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 14 млрд теңгені құрап отыр. Қазіргі күні Қызылжар ауданында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 2 мыңға жетіпті.
Осылайша өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берген аудан әкімі Жанат Сәдуақасов тұрғындардың сұрақтарына жауап беруге көшті. Жылына 1 рет қана болатын кездесуде жиналған жұрт көкейде жүрген мәселелерді алға тартты. Қызылжарлықтарды мектептегі орын тапшылығы, жолдарды қардан тазалау мен баспана мәселесі толғандырады екен.

Серік Нұрақаев – Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Бәйтерек ауылында балабақша жоқ. Қазір мектепте 300 бала оқиды. Ал балабақша жасында 160-қа жуық бала бар. Бәйтерек ауылында тұратындар – көбінесе, жастар. Олар балаларын балабақшаға бере алмай қолдары байланып отыр.

Жанат Сәдуақасов Бәйтерек ауылына балабақша мен мәдениет үйі биыл салынатындығын жеткізді.
Әйгерім Құрманқұлова – жас маман. Ол аудандық ауруханаға былтыр күзде жұмысқа орналасыпты. Дәрігер аудан әкімінен баспана мәселесін шешіп беруін өтінді.

Әйгерім Құрманқұлова – Қызылжар аудандық орталық ауруханасының терапеві:

– Біз келе сала облыстан 1,5 млн теңге көтермеақы алдық. Оған ризамын. Ал енді аудандық бюджеттен қашан көтермеақы аламыз? Сондай-ақ, баспана мәселесін де шешіп берсеңіз деймін. Қазіргі күні үйдің 50 пайызын аурухана өтейді. Біз жер үйде тұрамыз. Күні бойы жұмыста болғандықтан келген кезде іші суып кетеді.

Жанат Сәдуақасов – Қызылжар ауданының әкімі:

– Ауданда 2 бес қабатты үй тұрғызылып жатыр. Олардың құрылыс жұмыстары аяқталған осы мәселені қарастырамыз. Жас дәрігерлерге бірнеше пәтер бөлетін шығармыз. Ал сіз тұрып жатқан жер үйлерге кәріздік жүйе, су мен жылу тартылады.

Жалпы, ауданда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша былтыр 103 маман мемлекеттен қолдау алған.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан