Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір ауруханалары коронавируспен күреске даяр

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысына Қытай Халық Республикасынан 46 адам жеткізілді. Ал ақпан айының басында көрші мемлекеттен тағы бір топ азамат келеді. Алайда, байбалам салуға еш себеп жоқ. Тұрғындардың барлығы екі апта бойы ақ халаттылардың бақылауында болады. Қазір дәрігерлер де дайындықтарын пысықтап жатыр.

Коронавирус. Барлық жер шарын дүрліктерген жаңа дерт. Әлі толығымен зерттелген жоқ, сәйкесінше оған қарсы екпе де дайын емес. Соңғы мәліметке сәйкес, Қытайда індетке шалдыққандардың саны 10 мыңға жуықтады. 171 тұрғын аурудан толығымен айықса, 213 адам көз жұмды. Вирустың негізгі ошағы – Аспан асты елі. Бірақ, бүгінде жаңа кесел Малайзия, Австралия, Сингапур, Франция, Вьетнам мен АҚШ-та да тіркелді. Індет мұхит асып Америкаға жеткендіктен, тиіп тұрған Қазақстанның тұрғындары байбалам салуда. Жағдайды әлеуметтік желілерде санаулы сағаттың ішінде тарап кететін жалған ақпарат та ушықтырады. Бір апта бұрын Қытайдан коронавирусты жұқтырған науқас жеткізілді деді, ал кеше ғана Алматыда дертке шалдыққан 70 адам туралы мағлұмат пайда болды.

Елжан Біртанов – ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Елімізде коронавирустың бірде-бір жағдайы жоқ. Интернетте тарап жатқан ақпараттың барлығы – фейк. Мемлекеттік шекарадан 20500 азамат өтті.

Аспан асты елінен келген 20 мың адамның арасында солтүстікқазақстандықтар да бар.

Меруерт Атамбаева – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:

– Қытай Халық Республикасынан 46 адам келді. Олар қазір бақылауда. Егер жіті респираторлық вирусқа ұқсас симптомдар анықталса, сараптама жасалынады.

Ал ақпан айының басында Аспан асты елінен тағы бір топ азамат келеді деп күтілуде. Араларында студенттер де, Тайынша-май кәсіпорнының жұмысшылары да бар. Талапқа сәйкес бұл жандар да жіті тексерістен өтеді, 14 күн қаралады. Симптоп байқалмаса, емін-еркін қозғалуларына рұқсат етіледі. Ал егер белгілері анықталып жатса, іске вирусологиялық зертхана мамандары кіріседі. Мұнда күніне 20 шақты сараптама жасалынады екен.

Әсел Қантаева, Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының вирусологиялық зертхана меңгерушісі:

– Бізге анализдерді әкелгенде ең бірінші кезекте тұмаудың А, В, Е түрлерін тексереміз. Кейін болуы мүмкін барлық инфекциялардың бар-жоғын анықтаймыз. Нәтижесі 6 сағаттың ішінде дайын болады. Содан соң сынаманы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы вирусологиялық зертханаларға жібереміз.

Қазір еліміздегі ақ халаттылардың назары – жаңа вируста. Сондықтан, мамандардың барлығы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Әрбір аймақта оқу-жаттығу жиындары да өткізіліп жатыр. Мұндай шаруа қазір барша дүние жүзінде қолға алынған. Себебі, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы вирусты халықаралық деңгейдегі медициналық төтенше жағдай деп танып отыр.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Өңірдегі емдеу мекемелері медициналық төтенше жағдайға сақадай сай отыр. Коронавирусты жұқтырған адам мен науқаспен байланысқа түскендер үшін облыста 300-ге жуық орын дайындалған. Дертке шалдыққандар тіркелсе, 1-ші қалалық және көпбейінді балалар ауруханасына, тағы аудандық инфекциялық стационарларға жайғастырылады.

Нұрлан Жакупов, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

 – Облыстық ауруханада қазір коронавирустық инфекция күдігімен келетін науқастар үшін 30 орын дайындалды. Олардың барлығы оқшауланған. Бір бокстың ішінде 2 адамнан жатады. Жуынатын бөлме палатаның ішінде орналасқан. Егер дертке шалдыққандардың саны көбейетін болса, оларды жатқызатын тағы бір бөлімше бар.

Дене қызуы, жөтел мен лоқсу. Жіті респираторлық вирустық инфекцияның белгілері қауіпті дертке де тән. Сондықтан, үйде емделудің орнына бірден мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Ал ауруға жол бермес үшін қарапайым алдын алу шараларына мән беру қажет.

Меруерт Атамбаева – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:

– Бұл вирус ылғалды жақсы көреді. Көп адам шоғырланатын жерлерге бармау керек. Маскалар қолдану керек.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

 – Қытайды маскалар қолжетімсіз дүниеге айналды. Мұндай жағдай Қазақстанда да туындамас үшін Денсаулық сақтау министрлігі аталған мақсатқа денсаулық сақтау министрлігі аталған мақсатқа 1,5 млрд теңге бағыттады. Яғни, жыл сайын сатылымда 2 млн маска болса, енді тағы 5 млн данадан тұратын резер бар бізде.

Тез тарайтын індетпен күреске барлық мемлекеттер жұмылдырылуда. Екпе дайындау ісінде әлемнің қалталы азаматтары да қарап қалмақ емес. Мәселен, Джек Ма мен Билл Гейтс 10-15 млн доллардан астам қаржы бөлім, ғалымдар мен дәрігерлерге тиісті жағдай жасауда.

Эльмира Садвокасова