Қоғам

Жасөспірімдер мұз қалашығын қиратып тастады

Көшедегі камералар бізге кедергі емес! Қаңтардың 29-ы кешке бір топ жасөспірім Петропавлдың орталық алаңындағы мұз қалашығын қиратып тастаған. Мұнда енді басы жоқ жануарларды, қабырғалары бұзылған лабиринтті ғана көруге болады.

Петропавлдың орталық алаңындағы қазіргі көрініс – осындай. Жаңа жылға деп шеберлер апталап соққан мұз мүсіндердің бұзақылар бірер сағат ішінде быт-шытын шығарған.

Саят Ермек – тілші:

– Жалпы, орталық алаңды жаңажылдық безендіруге ұйымдастырушылар биыл аса креативпен қараған. Мұнда түрлі жан-жануардың мүсіндері өте көп, алайда олар біреуге ұнамаған сыңайлы. Мәселен, жыл басы – тышқан шананың артында жатыр. Аяз атаның немере қызы Ақшақардың денесі бөлшектеліп, шананың үстінде. Сол шананы сүйреп келе жатқан қос тұлпардың құйрықтары да кесілген, ал біреуінің, тіпті, басы шабылыпты. Ол, көріп тұрғандарыңыздай, жерде жатыр.

Қос тұлпардың тағдырын қос өркешті мына түйе де, бұрышта тұрған қос аққудың бірі де қайталаған – бастарынан айырылыпты. Жақын арада тұрған лабиринт те енді лабиринт емес, мұз үйіндісі. Заңды сұрақ – олар кімге кедергі келтірді екен?

– Бәрі қалалықтар қуансын деп жасалды емес пе?! Ал осындай жандар келіп, бұзады да тастайды. Сұмдық вандализм!

– Ұстау керек ондайларды. Камералар бар емес пе?! Ұстап, жазаларын беру керек.

Тұрғындардың жауабын түсінуге болады. Суретке түсіп, мәз-мейрам болушы еді мұнда, алайда қалашық бір жарым ай да тұрмады. Бірақ, жақын маңдағы тұрғын үй мен мәслихат ғимаратында камералар орнатылған. Сондықтан, полицейлерге бұзақыларды табу қиынға соқпады. Видеодан белгісіз 3-еудің мүсіндерді қолмен періп, аяқпен теуіп, қалай қиратып жатқанын көруге болады. Олар 14-16 жасар жасөсіпірмдер болып шықты.

Асхат Еменалин – Петропавл қалалық ПБ кәмлетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы:

– Жедел іздестіру барысында Петропавл қаласының кәмлетке толмаған 3 тұрғыны анықталды. Олардың заңды тұлғаларына 435-бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды және бұл жәйт Петропавл қаласының кәмлетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қарастырылатын болады.

Балаларының бұл балалығы үшін енді ата-аналары айыппұл төлейді. Шамамен 18 мың теңге. Ойран-ботқасын шығарған қалашыққа жасөспірімдерді полицейлер бүгін ертіп әкелген, не істегендерін көрсін, сабақ алсын деп.

Саят Ермек