МТРА жаңалықтары

Жамбыл ауданы әкімінің есебі

6 мектеп пен 3 ауылға апарар жол жөнделеді, Пресновка мен Благовещенка көшелерінің көбі қалыпқа келтіріледі, 4 елді мекенге орталықтандырылған су құбырлары жетеді. 2020 жылы Жамбыл ауданының тұрғындарын осындай оң өзгерістер күтіп тұр. Мұны аудан басшысы Мұратбек Әбішев халық алдында берген есебінде айтты. Алайда, жергілікті жұртты біраз мәселелер де алаңдатады екен.

Саят Ермек – тілші:

– Қазір біз Жамбыл ауданындамыз. Бұл аудан 48 ауылды біріктіреді екен, барлығы 20 мыңға жуық тұрғыны бар. 13 ауылдық округ бар. Олардың бәрінде аудан әкімі Мұратбек Әбішев есептік кездесу өткізген. Ал бірер сағаттан соң аудан орталығы Пресновкада қорытынды жүздесу басталады. Бұған дейін біз тұрғындардан оларды қандай түйткілдердің толғандыратынын сұрап білдік.

– Азық-түліктің бағасы күйіп тұр. Жалақымыз шақ келмейтін болды.

– Мектеп директоры болып жұмыс істеймін. Өзімде қиындық жоқ, тауардың бағасы өсіп жатыр дейді, бірақ мен дүкенге жиі бармаймын, сондықтан сезбедім.

– Басты көшелер жарықтандырылмаған, тіпті мектептің маңы тас қараңғы. Үшінші жыл сұрап келе жатырмыз, бірақ нәтиже жоқ.

– Бір бөлке нан былтыр 80 теңге тұрған еді, биыл 90-95 теңгеге жетті. Не істейсің енді?!

Жұрттың ағынан жарыла айтқаны осы. Арыз-шағымдарды тыңдаған соң жауап алмаққа әкім Әбішев мырзаны сөзге тарттық.

Мұратбек Әбішев – Жамбыл ауданының әкімі:

– 90-95 теңге тұратын нан бірінші сорттан жасалған, ал бағасы қымбат нан жоғары сорттық ұннан пісірілген. Соны халыққа біз түсіндіріп жатырмыз. Ал негізі, маңызды деген 19 азық-түліктің бағасын өсіртпей, ұстап тұрмыз.

Пресновтықтар тағы не дейді? Түндегі тас қараңғыдан жалықтық дейді. Көшелерді жарықтандыру мәселесі қашан біржақты етіледі?

Мұратбек Әбішев – Жамбыл ауданының әкімі:

– 2020 жылы қаражат бөлінді, кейін тағы бөлеміз. Жоспар бойынша аудан орталығы Пресновкадағы қараңғылық мәселесінен құтыламыз биыл, кейін басқа ауылдарды жарықтандырамыз.

Кезек енді есепте. Қуантары, мұндай кездесулердің биыл форматы басқа. Бірсарынды баяндама оқу емес, халықпен көзбе-көз әңгіме. Әңгімесін әкім проблемадан бастады. Жұртшылық ауылдардан көшіп кетіп жатыр. Мұның кесірі мектептерге тиюде.

Мұратбек Әбішев – Жамбыл ауданының әкімі:

– Жыл санап балалардың саны азайып жатыр. Салдарынан оқушы тапшы кей мектептер нормативтерге сай келмейді. Оларды биыл жабуға тура келеді.

Оқушылар не істейді сонда? Өзге ауылда интернатта тұрып оқуға мәжбүр болады енді, амал жоқ. Одан қалды “Уақытша отбасы” жобасы да бар. Тағы бір проблема – ауданда өңдеуші зауыт-фабрикалар жоқ. Бәрі шикізатпен кетіп жатыр. Қарапайым мысал – биыл Жамбыл диқандары мол өнім алды. Гектар берекелігі 19 центнерден асады, алайда…

Мұратбек Әбішев – Жамбыл ауданының әкімі:

– Ауданда ұн үгетін бірде-бір диірмен жоқ. Ұнды шет жақтан тасып жатырмыз. Бизнесмендерге ұсыныс тастадық, көндіріп те көрдік, бірақ кәсіпкерлер құлықсыз.

Десе де, жұмыссыздық бойынша ахуал жаман емес Жамбылда. Былтыр 1400-дей адам еңбекпен қамтылыпты. Алайда, әлі 800-ге жуық тұрғын жұмыс таба алмай, үйде отыр. Қош, ендігі кезек – сұрақ-жауапта. Базына көп болмады, өйткені отырғандардың дені – жамбылдық шенеуніктер мен ұжым болып келген ұстаздар қауымы. Оны біз залды аралай жүріп сұрап-білдік. Бірақ, көкейдегісін бұқпай, басшыға жеткізгендер болды. Аудандағы балалар лагерлерінің бірінде сапалы ауыз су жоқ, мәселен. Жылма-жыл жазда 400 жеткіншекті қабылдайтын лагерьге тіршілік нәрі бөшкелеп тасылады екен.

Гүлнұр Ануарова – “Лесная поляна” балаларды сауықтыру лагерінің директоры, Жамбыл ауданы:

– Тасымалдау өте қиынға түседі, сондықтан осы үлкен мәселені қарастырып, шешіп беруіңізді сұрай келдім.

Мұратбек Әбішев – Жамбыл ауданының әкімі:

– Биыл жердің үстімен немесе терең қазбай жазғы су құбырын тартамыз. Оған 4 млн теңгедей ақша керек, бұл ақша бізде бар. Өйткені “санэпидемстанция” жылда бізге осы сұрақты қойып, су тартуды талап етеді.

Келесі сұрақ Әбішев мырзаны да, залға жиылған жұртты да ыңғайсыз жағдайға түсірді. Бірақ, ұлы сөзде ұят жоқ – жамбылдық мәдениет үйінің ұжымын әжетхананың жоқтығы әбігерге салуда.

– Дәретхана мекменің ішінде болуы мүмкін бе? Себебі басқа жақтан келген әртістерге болсын, бізге болсын далаға шығу оңай емес.

Ол-ол ма, даладағы дәретхананың жағдайы да мүшкіл көрінеді. Есігі жабылмайды, іштегі мүңкіген иіс мұрын жарады дейді әртістер. Сауалға әкім қалай жауап берерін білмей, ұзақ ойланды енді, бірақ, тоқетерін айтты.

Мұратбек Әбішев – Жамбыл ауданының әкімі:

– 8 марта здесь будет туалет, дәретхана болады.

Пресновкада жол жаман деп жар салғандар да болды.

Гүлнәр Сидорова – Пресновка селосының тұрғыны:

– С.Мұқанов көшесінің жағдайы мүшкіл. Биыл ол жөнделе ме?

Мұратбек Әбішев – Жамбыл ауданының әкімі:

– В первую очередь Сабита Муканова сделаем.

Иә, сауалдарға жауап бергенде Мұратбек Әбішев “жөндейміз”, “жасаймыз”, “атқарамыз” деген етістіктерді көп қолданды. Уәде берерде әкім қысылмады. Тек сол уәделерінде тұрып, шаруаны айтқанындай атқара білсе болды.

Саят Ермек