Мәдениет

Үкілі Ыбырайдың туылғанына – 160 жыл

“Гәкку”, “Арарай”, “Қарақат көз” және “Қалқа бел”. Биыл халық сазгері, әнші әрі ақын Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының дүниеге келгеніне 160 жыл толады. Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өнер тарланының өмірі мен шығармаларын дәріптеуге арналған шара өткізілді.

«Гәкку» әнін естіген кезде бірден ойымызға «Қыз Жібек пен Төлеген» фильмі түседі. Қос ғашықтың символына айналған туынды Мәскеу халқына тұңғыш рет 1934 жылы ұсынылған болатын. Шығарма талайларды таңдай қақтырып еді. Әлі күнге дейін көптің қызығушылығын оятып жүр. Ал көпке танымал әнді 1860 жылы Көкшетау облысы Володарский ауданында дүниеге келген Ыбырай Сандыбайұлы жазған. Ақын бұл шығармасын бір көргеннен ғашық болған сүйіктісі Кәкимаға арнапты.

Біржан Есжанов – дәстүрлі әнші:

–  “Гәкку” әнін Күләш Бәйсейітова апамыз “Қыз Жібек” операсында айтқан еді. Одан кейін фильмде де өзі шырқады.

«Арарай», «Қарақат көз», «Дүние», «Шалқыма» және «Қалқа бел». Өз заманында әнші-сазгерлігімен аты шыққан Үкілі Ыбырайдың 40-тан астам туындысы бар.

Аманжол Зағыпар – облыстық «Жас қаламгер» клубының жетекшісі:

– Өңіріміз серілер, ақындар мен батырлардың бесігі. Қасиетті топырағымызда небір күміс көмей әншілер дүниеге келген.

Қазақтың маңдайына біткен өнер тарланының ән әлемінде өзінің ойып тұрып алған орны бар. Ыбырайға «Үкілі» сөзінің қосылуына тақиясынан қасиетті құс қауырсынын тастамауы себеп болады.

Самрат Құскенов – жас ақын:

– Үкілі Ыбырайдың өлеңдерді адамға рухани азық береді. Әр туындысы терең мағынасымен ерекшеленеді.

Биыл Үкілі Ыбырайдың дүниеге келгеніне 160 жыл толады. Өнерпаздың өмірі мен туындыларын дәріптеуге арналған жиынға өңіріміздің шығармашыл жандары мен студенттер қатысты.

Маржан Қасымбек