Білім

Жас ғалымның жаңалығы

Жас ғалымның жаңалығы. Петропавлдық оқушы Нәби Ғали азық-түліктің бүлінген-бүлінбегенін анықтайтын өзгеше әдіс ойлап тапты. Айтуынша, осылай ет пен сүт өнімдерінің сапасын анықтауға болады. Жас өнертапқыш бұл тәсілді одан әрі жетілдіріп, тауар өндірушілерге ұсынбақ ниетте.

Нәби Ғали жергілікті НЗМ-нің 11-ші сыныбында оқиды. Бозбала химия пәніне жақын. Үнемі ізденіп, зерттеу жұмыстарын жүгізеді екен. Бұл еңбегі өз жемісін берді. Ол осыдан жарты жыл бұрын тамақтың балғындығын анықтайтын индикатор ойлап тапқан.

Нәби Ғали – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Айтылған жобаны біз сүт мысалында тексерген болатынбыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл – бізде балғын сүт. Оған индикатор салдық. Индикатордың түсі өзгерген жоқ. Бұл дегеніміз – ақ бүлінбеген. Ал енді бүлінген сүттегі индикаторды көрейік. Байқап тұрғандай, көк түс күлгінге өзеріп шыға келді.

Осы орайда ерекше заттың құрамында не бар, ол қалай жасалды деген сұрақ туындайды?

Нәби Ғали – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Сонымен, бұл индикаторды жасау үшін антанциан деген пигменті бар көкөніс немесе өнім қажет. Осы антанциан арқылы сүттің “PH”-ы анықталады. Кейін антанциан пигментін ыстық сумен араластыру керек.

Бұл әдіс арқылы сүт қана емес, ет өнімдерінің де балғындығын анықтауға мүмкіндік бар. Индикатордың ағзаға еш зияны жоқ. Талапты жасқа бұл әдісті жетілдіруге биология және биотехнология пәні мұғалімі Садат Демеубаев көмектесіпті.

Садат Демеубаев – Химия-биология бағытындағы НЗМ биология және биотехнология пәні мұғалімі:

– Қазір манағы айтылған антанциан затының қасиеттерін одан әрі зерттеп жатырмыз. Оған қоса, индикаторымызды азық-түлік өнімдерінің қаптамасына енгізу тәсілін ойластырудамыз. Әзірге, ізденіс үстіндеміз.

Алдағы уақытта Нәби мен оның ұстазы зерттеу жұмысын жетілдіріп, кейін индикаторды сүт зауыттарына ұсынбақшы. Олар бұл жоба тауар өндірушілерді қызықтырады деген ойда.

Дана Ешкенова